Тұрғындардың медициналық қызмет сапасына шағымы екі есеге өсті

26 ақпан 2022, 19:29

Павлодар облысы тұрғындары 2020 жылы емдеу мекемелерінің жұмысына қатысты 362 шағым білдірсе, былтыр оның саны 863-ке жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының басшысы Нұрлан Қасымовтың айтуынша,шағымдардың 715-і емханалардың жұмысына тікелей байланысты.

 

"Әсіресе, тұрғындардың консультациялық-диагностикалық қызмет сапасына, медициналық көмек пен дәрі-дәрмекпен қамту мәселесіне көңілі толмайды. Мәселен, 6 жеке меншік және 10 мемлекеттік емханада невропатолог, гастроэнтеролог, ангиохирург, офтальмологқа тексерілу үшін адамдар айлар бойы ақпараттық-диагностикалық қызметті күткен", - дейді Нұрлан Қасымов.

 

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов шағымның жиілеуіне медициналық қызметкерлердің аздығы себеп дегенді алға тартады.

 

"Жоғары білікті мамандардан бөлек, орта медициналық қызметкерлердің өзі жетпейді. Сондықтан биыл медбикелерді даярлауға тапсырысты 100 орынға ұлғайттық. Сондай-ақ, Павлодар медициналық колледжіне 11-сыныптан соң ғана емес, 9-сыныптан кейін де қабылдау жоспарда бар", - дейді облыстың бас дәрігері.

 

Сонымен қатар, кейбір емдеу мекемелерінің мемлекеттен неғұрлым көп қаржы алуы үшін түрлі қитұрқы әрекетке баратыны белгілі болды.

 

Мысалы, Шарбақты аудандық ауруханасы 3,3 млн теңгеге,  Павлодар қаласындағы №1 емхана 2 млн теңгеге жуық қаражатқа негізсіз рецепт жазғаны анықталды.