Түркістандық дәрігерлер жүкті әйелдің ішінен бір уыс құрт алып шықты

24 қаңтар 2022, 21:41

Түркістандық дәрігерлер жүкті әйелдің бауырынан бір уыс құрт алып шықты. Науқастың бойындағы паразитті алып шығу үшін дәрігерлер екі ота жасаған. Бір мезетте бірнеше операцияны бастан өткерген науқас пен баланың қазіргі жағдайы қалай?

 

Жүктіліктің 37 аптасында 19 жастағы Арайдың оң жақ қабырғасы қатты ауырып, медицина мамандарының көмегіне жүгінген. Тексеру кезінде дәрігерлер жүкті келіншектің бауырынан 15 см және 10 см болатын эхинококк кистасын анықтаған.

 

Бауырына құрт түсіп жағдайы ауырлаған әйел мен оның баласын аман алып қалу үшін дәрігерлер алдымен кесер тілігімен ота жасап босандырған. Кейін хирургиялық жолмен науқастың ішінен екі үлкен құртты алып шығыпты.

 

Мақсұт Аймағамбетов, Түркістан облыстық клиникалық аурухана бас дәрігердің хирургиялық қызмет жөніндегі орынбасары: «Ана мен баланың қазіргі жағдайы жақсы. Қазір науқас хирургия бөлімінде ем алуда. Отадан кейін асқынулар болмады».

 

Ота жасалған жүкті әйел қазір облыстық клиникалық ауруханада ем алуда. Кесір тілігін жасаған акушер гинекологтар жаңадан туылған сәбиді перзентханаға алып кеткен. Науқастың жағдайына алаңдаған туыстары 19 жастағы Арайдың хал жағдайын білу үшін күніге ауруханаға келіп жүр. Анасы мен баласын ажалдан арашалап қалған ақ халаттыларға олардың алғысы шексіз.

 

Назира Сыдықбек, Арыс қаласының тұрғыны: «Қызымның қатты ауыруы болды, оған ультрадыбыс зерттеуі жасалды және эхинаккок бар деп айтты».

 

Айта кетейік, бір мезетте екі ота жасалған науқас қазір облыстық клиникалық ауруханада ем алуда. Сәбиінің де жағдайы жақсы, дейді мамандар. Нәресте, анасы толық емделгенше перинатальды орталықтағы дәрігерлердің бақылауына болады.

 

 

 

kz.otyrar.kz