Вакцина құжатын жасатқан маңғыстаулық әйел жансақтау бөлімінде қайтыс болды

15 қазан 2021, 20:14

Маңғыстау облысында жалған вакцина құжатын жасатып, соңынан ауруханаға түскен әйел жансақтау бөлімінде көз жұмды. Өңірдің денсаулық сақтау басқармасының басшысы мұндай жағдайдың болғанын растап отыр, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

 

Аталған оқиға туралы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова брифингте де айтқан болатын.

 

"Біз осы науқастар арасында әрқайсысын жіті тексеріп, "вакцинаны шынымен алды ма, әлде жалған паспорт жасатты ма?" деген сауалға жауап іздедік. Өкінішке қарай, "Басқа өңірге барғанымда вакцина алған едім" деп, артынша жансақтау бөліміне түсіп қайтыс болған әйел адам болды. Әрине бұл жерде екі жақтың да мәселесі бар. Жалған құжатпен өзіміз өзімізді алдағандай болдық. Вакцинадан қорқудың салдары осылай болды", — деді Гүлмира Қалмұратова.

 

Аталған оқиға Маңғыстау облысында болғанымен, қай кезде тіркелгені белгісіз. Тек оның вакцина алдым деген құжатының жалған болып шыққаны ғана анықталған.

 

Маңғыстау облыстық көпбейінді аураханасының бас дәрігері Жәнібек Ажмұханов аталған оқиғаның қалай өрбігенін басқаша тарқатты.

 

Адам өлімі болғандықтан егжей-тегжейлі айта алмаймыз. Әрі бізге келген адамдардың вакцинасының қаншалықты шынайы екенін де білмейміз. Келген науқастарды қабылдап, ем-дом жасаймыз. Ал марқұмның ауруханаға қашан түскені туралы ақпарат бермейміз, — деді ол.

 

Жалпы, өңір бойынша 2020 жылдан бастап 23 мыңнан астам маңғыстаулық сырқаттанған. Соның ішінде 19 337 адам жыл басынан бері коронавирусқа шалдығыпты. Бұл былтырмен салыстырғанда 5 есеге көп болып отыр.