Кәсібің - нәсібің

Алматы әлемдегі "салақ" қалалардың көшін бастап тұр

  • Алматы әлемдегі

    Алматы әлемдегі "салақ" қалалардың көшін бастап тұр

Күні кеше халықаралық Mercer Human Resource Consulting компаниясы ауаның ластануы, қалдықтарды өңдеу, ауыз суының жарамдылығы тұрғысынан мәліметтерді негізге ала отырып дүниежүзіндегі ең лас қалалардың тізімін жасады. Алматы аталмыш тізімде Баку, Әзірбайжан, Мексика, Үндістан, Эфиопия, Бағдат, Конго, Мадагаскар, Бангладешь қалаларынан кейін оныншы орынға табан тірепті. Сөйтіп, осылайша, қалдығын өңдей алмайтын, ауасы лас, ауыз-суы талапқа сай емес қалалардың тізімінде алғашқы ондыққа ілініп кете бардық. «Алаш айнасы» осы тұста Алматының экологиясына қатысты түйінделген жайттарды сараптап көруді жөн көрді.

Алдымен ауаны консервілеу турасында...
Қазірде көптеген мемлекеттерде ауаны тазартуға қатысты түрлі шаралар өткізуде. Тіпті қызды-қыздымен кәдімгі ауаны саудаға салғандардың бары да рас. Айталық, ауаны саудаға салу үрдісі жоқтан бар жасаудың шеберіне айналған көршілес Қытай елінен басталып, біздің Қазақстанға да жетті. Мысалы, қытайлық миллионер Чень Гуанбяо таза ауа толтырылған қаңылтыр ыдыстар сатуды осыдан бес жыл бұрын бастап кетті. Миллионердің мәлімдеуінше, консервіленген таза ауа Қытайдың экологиялық таза жерлерінен жиналған. Бір құты таза ауаның құны Қытайда 5 юаньды құрады. Мұны естіп, мына біздер «о заманда бұл заман, ауа саудасы туралы кім естіген» деп таңдай қаққанымызда өзіміздің қазақы ауа саудасын да естідік, көріп-білдік. Бұған қатысты алматылық «ауа саудагерлері» Медеу мен Шымбұлақтан, Көктөбеден алынған таза ауаларды «консервілеп» оның сыртына «Таза ауа» деп жазып, оның бір консервісін 500 теңгеге бағалап, саудаға шығарды. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегеннің кері осы шығар, бәлкім. Қалай десек те, таза ауаның жанға дауа екені даусыз. Бірақ мұндай арзан әрі сайқымазақтау әдістерге барғаннан гөрі, бізге нақ қазір ауа тазалығын өркендетуде қоғам болып ірі-ірі жобаларды қолға алғанымыз жөн екені даусыз. Жалпы, бұл ретте мамандардың дені «лас ауаны тазартудың кілті – ғылымда. Сондықтан ғалымдарымыздың идеяларына, ұсыныстарына мән берген жөн» деседі.

Консервілеумен емес, жанармайды тазартумен айналысу қажет

Ал ғалымдарымыздың пікірінше, бір ғана Алматыда ауаны ластаудың 20 пайызы жеке секторлардың салдарынан болса, 80 пайызы – автокөліктердің еншісінде. Бұған ауаның табиғи жолмен ластану үрдісін қосып қойсақ, біз өмір сүріп отырған ортадағы ауаның тазалығы қаншалықты екенін аңғара беруге болады. Әрине, бұл мәселеге қатысты еліміздегі ғалымдардың өзіндік идеялары баршылық. Отандық ғалымдар бұл ретте ауаны тазартудың сауатты тетіктерін қарастырмасақ, енді бір бес жылдықта қаланың ауасы одан әрі ластана түсетінін, бұдан мәселені шешу де қиындай беретінін алға тартады.
Мысалы, химик ғалымдарымыз «болашақта лас ауаның зиянынан сәл де болса құтылғымыз келсе, алдымен жанар-жағармайдың сапасын арттыруға күш салғанымыз абзал» дейді. Ғалымдардың пайымдауынша, арнайы нанотехнологияның әдісімен жанар-жағармайды тазартатын нано-құбырлардың қызметіне жүгіну, жанармайдың сапасын сақтап тұратын нанотүтікшелер ойлап табу бұл істе шаруаны оңалта түспек.
Мұрат Ғылманов, биолог-ғалым:
– Біз өзіміздің арнайы зертханамызда нақ осы жанар-жағармайдың сапасын қалпында ұстап тұратын арнайы наноматериал ойлап таптық. Бұл наноматериалды жанар-жағармайға қосса, өнімнің сапасы бұзылмай, өз қалпын сақтап тұрады. Тіптен бұл наноматериалды жанар-жағармайдан өзге ұнның немесе тағы басқа өнімдердің ішіне қосып салса, әлгі өнім өз қалпын біраз уақытқа дейін сақтайды. Өкінішке қарай, бұл идеямызды қолданысқа енгізуге өндіріс бейқам. Отандық мұнай өңдейтін зауыттар модернизацияға әлі дайын емес. Қазір көптеген ел Еуро-5 стандартына өтіп жатыр. Ал біздегі жанар-жағармайдың нақты сапасы Еуро-2 стандартымен сәйкес. Осыған қарап біз үшін әлі Еуро-5 стандартының ауылы алыс екенін бағамдаймыз. Қазба байлықтың кені саналатын біздің елімізде ауаның ластануы өршімесе, бәсеңдемейтіні анық. Себебі енді бір бес жылда елімізде өндіріс орындары, тау-кен саласының, мұнай кеніштерінің жұмысы еселене түседі. Бұған жыл сайынғы күннің ысу процесін және ауа райының күрт бұзылуын, табиғи ластанудың жиілеуін қосып қойсаңыз, келешекте таза ауаға зәрулік өрши түседі. Сондықтан бұл ретте жаңа идеялар мен ұсыныстарға ден қойған абзал.

Қаланы күкіртті газбен қорғасын басып тұр


Негізінен, ауаның ластануына қатысты ғылыми деректерге жүгінсек, бір ғана Алматыда көп тараған химиялық ластаушы – күкіртті газ (күкіртті ангидрид). Қалада осы күкіртті ангидрид мөлшерінің көбеюі бронхиалды астма мен созылмалы бронхит ауруын асқындырып отыр. Зерттеу мәліметтері бойынша, әрбір автокөлік жылына 4 тонна ауа жұтып, 800 кг көміртегі оксидін, 40 кг азот оксидін және 200 кг-дай әртүрлі көмірсутектерді атмосфераға бөледі. Ғалымдар ауаға мұндай улы заттардың бөлінуі салдарынан қанның оттегімен қанығуы нашарлап, осыдан барып қатерлі ісік, өкпе паталогиясынан өзге қатерлі дерттердің асқынатынын баса айтуда.
Қорлан Абсалықова, химик-ғалым:
– 1 литр бензиннің құрамында 1 гр тетраэтилқорғасын болады. Бензиннің құрамына траэтилқорғасынды антидетонатор ретінде қосады. Тетраэтилқорғасынның жануы кезінде бөлінген қорғасын қосылыстары бүкіл ауаға таралады. Атмосфераға бөлінетін қорғасынның 86 пайызы автокөліктерден бөлінеді. Бұл – өте қауіпті. Сондықтан өз басым ғалымдардың «алдымен жанар-жағармайдың сапасын арттыру керек» деген пікірін қуаттаймын. Жанар-жағармайдың сапасы артпай, таза ауа туралы сөз ету мүмкін емес. Себебі Алматының ауасының 86 пайызы нақ осы жанар-жағармай арқылы улануда. Демек, біз үшін жанар-жағармай сапасын арттыру маңызды болмақ.

Өнеркәсіптік ластану тым өршіп барады
Мамандардың пайымдауынша, қазірде қалада өнеркәсіптік тұрғыда ауаның ластану деңгейі де өсіп тұр. Мысалы, мына айрықша жайттарды тізбелеп көрсек:
А) Қара металлургия ісінде 1 тонна шойынды балқыту кезінде 4,5 кг шаң, 2,7 кг күкіртті газ, 0,5-0,1 кг марганец бөлінеді. Онымен қоса, қоршаған ортаға біраз мөлшерде мышьяк, фосфор, сурьма, қорғасын қосылыстары, сынап булары, шайырлы заттар бөлінеді.
Ә)Түсті металлургияда 1 тонна алюминий алу үшін электролиздердің түрі мен қуатына байланысты 33-47 кг фтор жұмсалып, оның 65 пайызы қоршаған ортаға тарайды.
Б) Көмір өнеркәсібінде терриконниктер – жыныстарда өздігінен жануынан ұзақ уақыт бойы көмір мен пириттің жануы жүреді. Нәтижесінде күкіртті газ, көміртегі оксиді, шайырлы заттардың қосылыстары бөлінеді.
В) Құрылыс материалдары өнеркәсібінде – жартылай дайын өнімдерді, шикізаттарды майдалау, температуралық өндеу кезінде зиянды заттар бөлінеді.
Г) Химия өнеркәсібінде (пластмасса, майлайтын материалдар, тұрмыстық химия заттары және т.б.). IV валентті көміртегі оксиді, IV валентті азот оксиді, күкіртті ангидрид, аммиак, күкіртті сутек, хлорлы, фторлы қосылыстар бөлінеді.
Міне, осы жайттарды ескерсек, «болашақта өнеркәсіп саласындағы ірі компанияларға экологиялық талапты күшейту қажет дейтіндер де баршылық. Мәселен, экономист-сарапшы Мейрам Қабдрахманұлының айтуынша, Қытай елінде бір ғана өрттің туындауына себепші болған мемлекеттік компанияларға ірі көлемде айыппұл салынып, үшжылдық мерзімде түскен түсімінің 40 пайызын мемлекет бюджетіне салық ретінде аударып отыруына тура келеді. Осыдан болар, Қытайда қазірде алпауыт компаниялар экологиялық талапты қатаң сақтайды. Ал біздің Экологиялық кодекске ірі компанияларды басқарушылар аса ден қойып, салмақпен қарай бермейтінін сарапшыларымыз жасырмайды. Сондықтан Экологиялық кодексті қатаңдату қажет» деседі отандық сарапшылар.

Бұқараға арнайы төлем төленуі қажет пе?
Лас ауаны тұтынып, құнарсыз аймақты мекен еткені үшін қала халқына арнайы төлем төленуі қажет дейтін мамандар да жоқ емес.
Меруерт Молдабаева, әлеуметтанушы:
– Мұндай үрдісті әлемнің біраз елдері қолданып отыр. Өркениеттілікке ұмтылған елдердің денінде бұл үрдіс кеңінен орын алған. Мысалы, Канадада орташа айлық табысы біздің теңгеге шаққанда 180 мыңды құраса, оларға қосымша тапқан табысына үстеме 40 пайыз экологиялық төлем қосылады. Жоғарыда сөз етіп отырған Үндістанда экологиялық төлем жергілікті әкімдіктен бір төленсе, федералды әкімдіктен бір төленеді және жұмыс беріп отырған жұмыс беруші әкімшіліктен бір төленеді. Сонда осы үш органды қосқанда үндістердің қосымша алатын төлемі 100 пайыздан да асып кетеді. Өкінішке қарай, бізде мұның бірі де жоқ. Сондықтан өз басым көтеріліп отырған бұл ұсынысты дұрыс деп есептеймін. Бұл – бізге қажет нәрсе. Бұл ретте тиісті министрліктерге міндеттер мен жүктемелер жүктеліп, сол тиісті органдар мәселені шешуді сауатты үйлестіре білуі қажет.

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы




Көрілген: 3345    Пікірлер: 3

сейсенбі, 01.07.2014, 13:26

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    2 Қыркүйек 2019
    Шипасы мол госпиталь!
    13 Мамыр 2017
    Зейнетақы өседі
    13 Ақпан 2017
    Бай болғың келе ме?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2022
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    2022
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31