Туғаннан қос қолы жоқ тігінші жаңаөзендік қыз-келіншектерге тренинг өткізді. Бұл туралы Ulysmedia.kz тілшісі белгілі этнодизайнер Ырза Тұрсынзаданың «Аналар аманаты» атты тренингінен келіп түскен ақпаратқа сүйеніп жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
Сонымен қатар, 30 наурыз бен 1 сәуір аралығында Жаңаөзен қаласында «Көрпе FEST-2022» фестивалі өтті.
Жаңаөзен қаласы және оған іргелес ауылдардың, елдімекендердің 100-ге жуық қыз-келіншектері мен көпбалалы аналары қатысқан шарада екі аяғымен іс тігіп, өзінің жеке кәсібін дөңгелетіп отырған Тараз қаласының құрметті азаматы, ісмер кәсіпкер Анар Бексұлтанова ұлттық өнерді ұлықтау арқылы тігіншілікті табыс көзіне айналдырғанын келтіріп, замандастарын қиындықтан қаймықпай, барын бағалай еңбек етуге шақырды.
«Істей алмаймын, қолымнан келмейді деген сөзді мен жалқаулық деп санаймын. Менің аяғыммен істеп отырған жұмысты аяқ қолы сау кез-келген қыз келіншек жасай алады. Бастысы ниет керек. Жұмыстан қорықпау керек.Талпыныс бар жерде, жеңіс болады», – дейді Анар Бексұлтанова.
Қолөнер фестивалінің қорытынды кешіне қатысқан Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев 20 жас тігінші қызға заманауи тігін машинасын сыйға тартты.