Кәсібің - нәсібің

Қызмет сапасы бір мысқал төмендеген жоқ

  • Қызмет сапасы бір мысқал төмендеген жоқ

    Қызмет сапасы бір мысқал төмендеген жоқ

Жекешелендіру дегенге құлағымыз үйреніп қалғанымен, Алматыдағы балалар тіс емханасы сатылымға шығатынын естігенде тосырқап қалғанымыз рас. Дәл сол сәтте «Тегін қызмет көрсететін жалғыз емхана жекенің қолына өтетін болса, балалардың тісін қайда емдетеміз?» - деген сауал әрбір ата-ананың көкейінде тұрған еді. «Емханада жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан дәрігерлердің жағдайы не болады? Бір ортаға топтасқан біліктілігі жоғары мамандардан көз жазып қалмаймыз ба?» деп күдікті қоюлатқандар да болды. Керісінше, бұл бастаманы қолдап, емхананың жекеге берілуінен үлкен жаңалық күткендер де аз емес. Солай болуы керек те. Өйткені неше адам болса, сонша пікірдің айтылатыны түсінікті. Міне, көпшілікті дүдамал ойға бастаған емхананың жаңа серпінмен жұмыс істеп жатқанына бір жылға жуық уақыт өтіпті. Көңілдегі күмән сейілді ме? Жағдайды көзбен көру үшін емханаға жол тартқан едік.


Ғимаратқа кірген бойда көрнекі жерлерге ілінген хабарламаларға көз тоқтаттық. Әрбір нұсқаулық мемлекеттік тілде жазылған. Тіпті, балаларды алдандыру үшін қойылған ойын үстелінде «Балдырған» журналы мен қазақша бояу кітапшасы жатыр екен. «Тілге құрметтері жоғары екен» деп түйдік іштей. Дегенмен, емхананың жұмыс кестесіндегі өзгерістер аздап түсінбеушілік тудырғанын несіне жасырайық. Бұған дейін аптаның бес күні толық жұмыс істеп, сенбі күні түске дейін ғана қабылдау жүргізетін емхананың түнгі 12-ге дейін қызмет ететінін білдік. Жаңа өзгеріске дәрігерлер қарсы емес пе екен? Жұмыс уақытының созылуы еңбек заңнамасына сай ма? Алматы қалалық балалар стоматология емханасының бас дәрігері Туретай Рузуддиновке қойған алғашқы сауалымыз осы болды.



– Балалар тіс емханасы бұған дейін қалай жұмыс істеп келді, солай қызмет етуін жалғастырып отыр. Қызмет сапасы бір мысқал да кеміген жоқ. Емхана ашылғаннан бері жұмыс істеп келе жатқан мамандарымыз әлі күнге ортамызда жүр. Он бес жасқа дейінгі балалардың тісін бұрынғыдай тегін емдейміз. Қайта сапаны көтеру үшін емдеу құрылғыларының біразы жаңартылды. Пайдаланатын дәрі-дәрмек, құралдардың ең сенімдісін, мінсізін алуға күш саламыз. Жақында рентген аппаратын сатып алып, пайдалануға бердік.



– Өзгеріске қарамай дәрігерлер құрамының сақталуы, жаңа басшылыққа деген сенімді көрсетсе керек. Дегенмен, жұмыс кестесінің ұзақтығы жұмысқа салқынын тигізбей ме?


– Керісінше, бұл қадамға біз халықтың жағдайын, қажеттілігін ескере отырып бардық. Өздеріңіз білесіздер, ата-аналардың көбі күндіз жұмыста. Қызметке қолы байланған үлкендер ұл-қызын емдетуге уақыт таппай жатады. Міне, сондықтан да алғашында тәулік бойы қызмет көрсетуді жөн көрдік. Бірақ, тәжірибе көрсетіп отырғандай, түнде тіс дәрігерінің қызметіне жүгінетіндер көп болмады. Содан кейін жағдайды саралай келе кестені түнгі 12-ге дейін ұзарттық. Мұның пайдалы екенін ата-аналар да, дәрігерлер де мойындап отыр. Өйткені, жұмыстан шыққанан кейін балаларын емдету ата-аналарға өте ыңғайлы. Бұл жүйе қазір өзін-өзі ақтап, қоғамға қажеттілігін толық дәлелдеп үлгерді. Ал, түнге дейін қызмет еткен дәрігерлер де еңбекақысыз қалмайды. Біз зайырлы, құқықтық қоғамбыз. Сондықтан, қабілет-қарымы жоғары мамандарды еңбегіне сай бағаламау – білікті мамандардан айырылуға әкелетінін біз жақсы білеміз. Емхананың беделін қалыптастыратын да сол білікті мамандар. Егер мамандар өз ісіне ұста болмаса, емделушілердің көңілінен шықпаса, сапалы қызмет көрсетпесе заманауи құрылғыларды милиондаған ақшаға сатып алғаннан пайда жоқ.



Басшылық тарапынан дәрігерлерді ынталандырып, біліктілігін көтеруге үнемі көңіл бөлінетінін жоғары дәрежелі дәрігер-стоматолог Раушан Козбекова да құптап отыр.



– Бізді тіс дәрігерлерінің біліктілігін көтеретін ұстахана деуге болады. Ұжымда 15-20 жылдық тәжірибесі бар дәрігерлер баршылық. Олардың жаңа келген жастарға үйретері көп. Кейбір ұйымдастыру қабілеті бар, өздігінен жұмыс істеуді қалайтын жастар емханаға шеберлігін шыңдау үшін келеді. Білікті мамандардың ақыл-кеңесін алып, кәсіби маман ретінде толысқан соң жеке клиникаларын, жеке бөлмелерін ашып жұмыстан кетіп жатады. Әрине, жастардың бір орында қалмай, өскені, көтерілгені жақсы. Ал біз қаладағы көптеген стоматология орталықтарына үлгі болуды, олардан оқ бойы озық тұруды мақсат етеміз, - дейді Раушан Сұлтанғазықызы.



Емхананың нарық заңын зерттей отырып жұмыс жүргізуінің көпшілікке пайдасы орасан. Жоғары дәрежелі дәрігерлер Айман Ауғанбаева мен Шынар Мұқашеваның айтуынша, емханадағы баға нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен. «Стоматологиялық емханаларды аралап, бағаларды салыстырған ата-аналардың бұған әбден көзі жеткен. Содан болар, ақылы қызмет алғысы келетіндердің де саны миреген емес» дейді Шынар Сәкенқызы.


– Экологияның нашарлауы, табиғи өнімдерді аз тұтыну, жеке гигиенаны сақтамау балалардың тіс ауруының асқынуына алып келеді. Тіс ауырса жұла саламыз деген түсініктің ауылы келмеске кеткен. Кішкентайынан асты дұрыс шайнамаған, тісін емдемеген балалардың іш құрылысы, асқазаны сырқатқа шалдығады. Біз осыған әлі күнге көңіл бөлмей келеміз. Емханаға келген ата-аналарды баласының тісін қалай сақтау қажеттігі емес, дәрігерлердің қызметі көбірек қызықтыратындай көрінеді, – деген Айман Ауғамбаева ем нәтижелі болуы үшін алдымен ата-ана дәрігер қабілетіне сенуі керек деген ойын жасырмады.



Дәрігерлердің алаңжауының жөні бар. Өйткені, ата-аналарда өзімшілдік психология басым. Кезекте қаншама баланың тұрғанын көрсе де кейбірі «мені өткізіп жіберіңдер, балам шыдамай барады» деп буынсыз жерге пышақ ұруға әуес. Оларды басқа балалардың да бұл жерге емделу үшін келгені қызықтырмайды. Емхана жұмысына шағым айтатындар да солар.


Бірақ, басшылық мұндай талапшыл жандардың да көңілінен шығып, жылдам қызмет көрсетуге, басқа дәрігер қызметін ұсынуға тырысады.


Екі баласын жетектеп жүрген Қарлығаш Оспанова осы емхананың тұрақты тұтынушысы екен. «Үлкен екі балам да осы жерде емделген. Кейінгі екеуінің де тісін осы емхана дәрігерлеріне көрсетіп жатырмыз. Емхана жекешеленеді дегенде қатты уайымдаған едік. Бірақ, жекеге өткенінен жағымсыз ештеңе байқамадық. Қайта қызмет түрлері көбейген», – дейді көпбалалы ана.


Өзгерістің бәрі жағымды болса екен деп тіледік біз де.


Нұрлан Шынтаев 




Көрілген: 311    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 09.10.2019, 19:43

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    2 Қыркүйек, 18:33
    Шипасы мол госпиталь!
    13 Мамыр 2017
    Зейнетақы өседі
    13 Ақпан 2017
    Бай болғың келе ме?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31