«Жасыл» экономиканы дамытуға не кедергі?

«Жасыл» экономиканы дамытуға не кедергі?

Бүкіл адамзат баласы «жасыл» экономика қағидасына өту қажеттігін толық мойындады. Ал дамыған елдер «жасыл» экономика қағидасын негізгі стратегиялық мақсат етіп қойды. Қазір барлық өндіріс механизмдерін соған бейімдеуге тырысып жатыр. Бұл кейін қарай бұрылмайтын процесс. Енді осыған Қазақстан тұрғысынан қарайтын болсақ, біздегі барды «жасыл» экономика қағидасын енгізудің бүгіні мен болашағы деп екіге бөліп қарауға болатын сияқты.

Бүгіні дейтініміз: ел экономикасының жаңартылған энергия көздеріне бұрылуы, оның қағидаларын өндіріске енгізуі 2020 жылдың басында 3 пайызды ғана құрайды. Неге аз? Алдымен осы мәселені талқылап алайық. Себебі, Қазақстанда әзірге энергия тапшылығы жоқ. Табиғи шикізаттың мол қорына негізделген бір кездегі кеңестік технология әзірше мол энергия беріп отыр. Оның үстіне, көмірді отқа жағуға пәлендей жаңа технологияның қажеті шамалы. Сондықтан көмірден біз 1 киловатт энергияны 15 теңгеге өндіріп отырмыз. Бұл әлемдегі ең арзан энергия. Сондықтан да энергия көлемі жөнінен бізде профицит, артық қуат бар. Оны Азия елдеріне тасымалдап сатудың да ұлан-ғайыр жобасы болған. Бірақ, сол көмір мен басқа шикізаттарды жағудың шыққан күл мен түтін, улы газдар айнала қоршаған ортаны қалай ластап жатқанын көзге елестетудің өзі сұмдық! Нағыз қасірет бұл! Адамды улап, түрлі ауруларға шалдықтырудың одан оңтайлы жолын таппайсыз. Оның үстіне, қанша мол энергия өндіріп жатса да бұл өндірістік технология алдағы он жылда ескіреді, тозады. Сонда не істейміз?

Энергетика саласы бойынша бүгініміз осындай. Енді болашағын сөз етейік. Қай тұрғыдан алып қарасаң да болашағымыз тек «Жасыл» экономикаға байланысты екен. Одан басқа жол жоқ. Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Халыққа жолдауында, еліміздің шешуші экономикалық бағыты «жасыл» экономикаға, айнала қоршаған ортаны қорғауға негізделетінін атап атап өткен-ді. Экономиканың ортамерзімді дамуы біртіндеп «жасылдана беру қажет» деп, Үкіметке «жасыл» бағытта даму шараларының кешенін әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Бұл тек қана біздің ел емес, бүкіл адамзатты алаңдатып отырған – ауа-райының өзгеруі, экологияның нашарлауы сияқты түйінді мәселелер мәжбүрлеп отырған дүниелер екені анық. Одан шығатын жол біреу: дамудың алдын алатын озық инновация мен технологиялық ізденістерді жеделдетіп қолға алу. Қазақстанда ондай ізденістер баршылық. Бірақ, кәсіпорындар мен өндіріске оларды енгізу оңай болмай отыр.

«Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалар Халықаралық орталығы сауда-саттық кеңсесінің жетекшісі Сәуле Бишімбаевның айтуынша, ауаны айрықша ластап отырған ірі кәсіпорындар «жасыл» технологияны енгізуге онша белсенді болмай отыр. Қазақстандағы 2554 ірі кәсіпорынның 141-і ғана «жасыл» технологияны қолдана бастағанын сарапшылар анықтады. Дүниежүзілік сараптама нәтижесіне қарайтын болсақ, Қазақстан экологиялық тиімділік жөнінен 180 мемлекеттің ішінде 101 орында тұр екен. Бұл төмен көрсеткіш. Осы саланың маманы Бишімбаеваның айтуынша, Қазақстандағы экологиялық мәселелердің түп-төркіні өндірістік дамудың тарихынан бастау алады. Тау-тау болып үйілген қалдық пен күл қоқыс – электр энергетикасы мен өңдеуші кәсіпорындардың «шығымы». Соңғы 20 жылда көмір энергетикасы 83 пайыздан 69 пайызға азайған күннің өзінде, Қазақстан көмір қуатын пайдалану бойынша көптеген елдің алдында тұр. Оған себеп 2018 жылдан 2019 жылға дейін, яғни бір жыл ішінде табиғатты ластайтын қалдықтар эмиссиясы, яғни, шығарылымы 3 пайызға өсіпті. Оның үстіне, өндіріс пен тұтыну қалдықтары бойынша Мемлекеттік кадастрының деректеріне қарағанда, елімізде 30 миллиард тоннадан астам қоқыс пен қалдық жиналып қалған. Мұндай деректерді ұзын-сонар келтіре беруге болады. Бұл қалдықтан құтылудың жолы қайсы? Әрине, ең бастысы - «жасыл» технологияларды қолдану. Бұл күндері елімізде осы істерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, пайдалы 3009 «жасыл» патент бар екен. Оның 30-халықаралық патенттер. Бұл «жасыл» технологияны пайдалануға, немесе, ойлап табуға берілетін рұхсат-құжат. Ең ғажабы, бұл саладағы ізденістер жыл сайын көбейіп келеді. Тек 2018 жылы 357 патент беріліпті. Ал, 2015 жылдан бері Жаңартылған энергия көздеріне байланысты туынды-ізденістерді едел-жедел сараптан өткізу қолға алыныпты.

Дегенмен де «жасыл» экономиканы дамыту жолында кедергілер аз емес. Мысалы, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастырымдық жұмыстарға жұмсалатын қаржы жалпы «жасылдандыруға» бөлінген соманың 1,3 пайызын ғана құрайды. Ал, жаңа зерттеу мен жаңа технологияны талап ететін ғылыми жұмыстарға мұндай қаржы жұсау өте аз. Әсіресе, бұл тың салада инвестицияға сұраныс көп. Ашығын айтсақ, бұл салаға жұмсалған инвестиция барлық инвестицияның 1 пайызы ғана екен. Соның арқасында елімізде өндірілген барлық өнімнің ішінде экологиялық тазасы – 0,2 пайыз болып отыр. Ал, кәсіпорындардың экологиялық инновацияны енгізу белсенділігі 0,8 пайыз. Бұған себеп: экологиялық технологияға деген сұраныс пен ұсыныстың сәйкес келмеуі болып отыр дейді мамандар. Өйткені, экологиялық технологиялардың сауда-саттыққа бейімделуі, ұзақ әрі күрделі жұмыс. «Жасыл» компаниялардың қаржылай қолдау алып, жетістік механизмдерін бекітуі үшін, интеллектуалдық меншікті қорғап, кең көлемді өндіріс құруы үшін, нарық жүйесіне шығатын стратегия қалыптастырып, аяғынан тік тұру үшін біраз жылдар керек. Сонымен қатар, «жасыл» өндірісті құру мәселесі де аз емес. Қалдықтарды сұрыптау, энерготиімділікке жету, маңайдағы шаруашылықтармен қарым-қатынас орнату, энергия мен қалдықнарқын қалыптастыру, су көздері мен топырақты тиімді пайдалану, химикаттарды залалсыз жою сияқты толып жатқан шаруалар бар.

Мысалы, 2019 жылдан бастап елімізде пластмасса, қатты қағаз, шыны сынықтарын көмуге тиым салынған. Бірақ, экология, геология және табиғат ресурстары министрлігінің деректеріне қарағанда, бұл талап орындалмайды. Өйткені, көп жерде бұл қалдықтарды сұраптайтын және өңдейтін инфрақұрылымдар жоқ. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған заңдарда қалдық шығаруға арналған мақсатты қаржыны тек табиғат қорғау шараларына жұмсауға міндеттейтін талап жоқ. Сондықтан да осы мақсатты қаржының 45 пайызын ғана жергілікті атқарушы органдар айнала қоршаған ортаны қорғауға жұмсайды. Сол себепті Экологиялық кодекстің жаңа жобасында жергілікті органдар экологиялық төлемдерді 100 пайыз табиғат қорғау шараларына жұмсауға міндеттеліп отыр.

Тағы бір мәселе: айнала қоршаған ортаны ластаушыға жауапкершілік қалай жүктелуі керек? Еліміздің Экология, геология және табиғат ресурстары министрлігі егер табиғат қолданушы экологиялық зиян әкелген жағдайда айнала қоршаған ортаны бастапқы қалпына келтіру механизмін құрып жатыр. Ол үшін экологиялық жағдайды барынша бұзбайтын әбден жетілген арзан технология енгізіледі. Алдымен өндіріс орны технологиялық тексерістен өтеді.Бұл жерде ластау көлемін азайтатын технологиялар сынаққа түседі. Бұл сынақтан өткен кәсіпорын қалдық көлемін көбейткені үшін төлемнен босатылады. Ал сынақтан өте алмаса, өтемақы еселенеді. Бұл – «ластаушы - төлейді» дейтін қағида. Экология, геология және табиғат ресурстары министрлігі мамандарының айтуынша, осы «ластаушы-төлейді» қағидасына өтуді тездету керек. Дамыған елдердің бәрі осы механизммен жұмыс істейді. Осы механизмді қолдана отырып өнім өндіріп жатыр. Оның технологиясын терең меңгеріп, таза өнім өндірудің тың әдістерін ойлап тауып жатыр. Біз ол қағиданы тезірек енгізбейтін болсақ, бәсекеге қабылетті өнім өндірушілер көшінен қалып қоямыз. Ертең нарық жүйесінде тек солардың өнімдері үстемдік алатын болады. Себебі, бізде мұнайгаз, тау-кен, химия, электрэнергиясы салалары бойынша көптеген ірі кәсіпорындар бар. Дамыған елдердің нарығында сауда жасап, өнім өткізіп отырған дәл осы ірі кәсіпорындар. Сонымен қатар, еліміздің ауасы мен суын, айнала қоршаған ортасын ластаушылардың 80 пайызы солар. Яғни, технологиясы әбден ескірген. 2008 жылы 15 қаңтар күні Европа елдері «ластаушы-төлейді» қағидасы бойынша арнайы директива қабылдады. Ол директива ауаны ластаудың нақты көрсеткіштерін анықтап берді. Енді әрбір мемлекет осы көрсеткішке сай заң қабылдауы керек. Ал, осы директиканың өзі дүниежүзі елдерінің Киото хаттамасы, одан кейінгі Париж хартиясының негізінде жарық көргенін ескерсек, қатты экологиялық талаптың біздің ауылдан қашық емес екенін байқаймыз. Өйткені, Евроодақ айнала қоршаған ортаны қорғау заңдарын қатайта бермек. Сөйтіп, болашақта басқа елдер экологиялық жағы «шикілеу» тауарлары мен қызметтерін Европаға өткізе алмай қалуы мүмкін дейді сарапшылар. Бұл біз сияқты бюджетінің бүйірін шикізат саудасымен толтырып отырған, әсіресе өнімдері экологиялық талаптардың барлық параметрлеріне сай келе бермейтін елдерді қатты ойландыруға тиіс. Әсіресе, біздің өнімдердің экологиялық жағынан «тазалығы» 0,2 пайыз деп отыр ғой. Ертең 0,2 пайыз экология арқалаған пойызды қайда жібереміз?

 Серік Ақынжанов.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста