«Жасыл» экономикасыз экология жақсармайды

13 наурыз 2021, 16:32

Кейінгі жылдары жер жаһанда экологияға баса назар аударылып, «жасыл» экономиканың дамуына, жаңартылған энергия көздеріне ауысуға деген халықтың ынтасы күшейе түскен кезде әлемді жайлаған індет бәрімізді естен тандырып, бұл өмірде денсаулықтан маңызды ештеңе жоқ екеніне көзімізді жеткізе түсті. Алайда таза табиғатсыз денсаулық қайдан болсын. Covid-19 пандемиясы адамзатқа ғана емес қоршаған ортаға да теріс әсер етуде.

Карантин кезінде ауа тазарып, табиғат жаңара түсті деп қуанғанымызбен, бұл індеттің қоршаған ортаға тигізер зияны орасан екенін айтып мамандар дабыл қағуда. Әлемдегі жағдайға байланысты айталық, АҚШ-та көптеген қауымдастықтар қалдықтарды өңдеуді, кейбір өңірлер қалдықтарды сұрыптауды тоқтатыпты. Көптеген елдерде мейрамханалар мен кофеханалар кофе мен тамақты сатып алушылардың өз ыдыстарына құйып беруді қойды. Дүкендерде әрбір тоқаш жеке пластик пакеттерге оралады. Яғни, қоршаған ортаға зиянды пластик пакеттер мен ыдыстар бұрынғыдан да жиі қолданыла бастады.

Қазір халық табысының көп бөлігін негізінен азық-түлік пен дәрі-дәрмекке жұмсайды. Артық шығынның болмағаны жақсы, әрине, алайда адамдар қазір вирус жұқтырудан қорыққандықтан әрбір алманың жеке пакетте оралғанын қадағалайды. Күніне бір адам бірнеше маска, резина қолғаптар, басқа да қайта өңделмейтін заттарды қолданады.

Өткен жылы Уханьда эпидемияның қызған кезінде госпитальдар күн сайын 200 тонна медициналық қалдықтарды шығарып отырған (әдеттегі уақытта бұл көрсеткіш 50 тонна). Бүкіл әлем бойынша да бір реттік қолғаптар мен маскалар сияқты қалдықтар бірнеше есеге көбейген.

Денсаулықтың қауіпсіздігі үшін масканы бірнеше сағат сайын ауыстыру керек екенін бәріміз білеміз. Өйткені қазір маска мен медициналық қолғаптарды тек ақ халаттылар ғана емес, сонымен қатар дүкендегі сатушылар, жеткізу қызметінің өкілдері де, кез келген қарапайым адамдар да пайдаланады. Әрине, өз қауіпсіздігіміз үшін бұл заттарды пайдалануымыз керек, алайда медициналық заттардың қалдықтарын қайтеміз, ол жайлы да  ойланғанымыз жөн. Өйткені мұндай қалдықтардың бейберекет шашылуы табиғатты ластауда.  

Осы ретте қалалардағы дезинфекция туралы да айтпауға болмайды. Кейбір жерлерде дезинфекциялық заттармен тұтас көшелер, тротуарлар мен көгалдар, көлік аялдамалары мен тіпті жағажайлар өңделеді. Өңдеу кезінде химиялық улы заттар қоршаған ортаға түседі, демек, жабайы жануарлар мен адамдардың денсаулығына әсер етуі мүмкін.

Mer Propre қауымдастығының негізін қалаушы Лоран Ломбардтың айтуынша, бүгінде француз экобелсенділері COVID-19 пандемиясына байланысты әлемдік мұхиттағы қоқыстың көбеюіне орай дабыл қағуда. «Көп ұзамай мұхиттағы маскалар медузалардан да көп болады!» деп экологтар ескерту айтты. Қазіргі уақытта қоқыстың 1%-ын маскалар, қолғаптар және антисептиктердің пластикалық бөтелкелері құрайды екен. Болжам бойынша бұл сан әлі де өседі, өйткені барлық елдер жеке қорғану құралдарына өздерінің мемлекеттік тапсырыстарын арттырды.

⠀Жақында табиғатқа қарсы қылмыстарды тергеумен айналысатын халықаралық OceansAsia ұйымы Соко аралдарын зерттеді. Бұл елсіз аралдың өзінде жағажайға лақтырылған ондаған маска табылған. Елсіз аралда жағдай осындай болса, басқа аймақтарда қалай болғанын елестете беріңіз.

Қазір Қазақстан қалаларының көшелерінде қоқыстың түрлері көбейді. Мысалы, Алматы маңындағы тау соқпақтарында жаяу туризм әуесқойлары қалдырған маскалар мен резеңке қолғаптар, пластик бөтелкелер, басқа да қоқыс түрлері аз емес.

Жеке қорғаныс құралдарының зияны пластикалық пакеттер немесе бөтелкелерден кем түспейді. Мұндай қалдықтар ондаған, жүздеген жылдар бойы шірімей, қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Біз соңымыздан осындай қалдықтарды қалай болса солай лақтыру арқылы келер ұрпақтың болашағына баяу әсер ететін «бомба» қалдырып отырмыз. Мұндай жағдайда не істеу керек? Ең болмаса, медициналық және басқа да қалдықтардың қоршаған ортаға тигізетін зияндылығын сәл де болса азайту үшін келесі ережелерді сақтаңыз.

 Есте сақтаңыз!

·        Маска кимес бұрын қолыңызды сабынмен жуыңыз. Масканы киіп жүрген кезде қолыңызды тигізбеуге тырысыңыз. Егер масканы ұстап қойсаңыз, қолыңызды қайта сабындап жуыңыз.

·        Бір рет қолданылатын медициналық маскаларды қайта дезинфекциялап, қолдану мүмкін емес, масканы шамамен әрбір екі сағат сайын ауыстыру  қажет.

·         Қолданылған масканы жою үшін, масканы бауынан  мұқият ұстап, қағаздан жасалған қалтаға салып, содан кейін жабық қоқыс жәшігіне немесе жалпы қалдықтарға арналған контейнерге салу керек.

·        Пайдаланылған маскаларды қайта өңделетін шикізатқа арналған контейнерлерге,  көшедегі қоқыс салатын жәшіктерге тастауға, кәріз құбырларына ағызуға болмайды. ⠀

·        Мүмкіндігінше, масканы тастамас бұрын дезинфекциялаңыз. Масканы ұстағаннан кейін қолды жууды ұмытпаңыз.

⠀Сақтық шаралары үшін көп реттік маскаларды пайдалануға болады. Оларды дәріханадан сатып алуға немесе дәке, мақта немесе басқа матадан тігіп алуға болады.

Қайта қолданылатын маскалар да бір рет қолданылатындар сияқты мезгіл-мезгіл өзгеруі керек. Қолданғаннан кейін, масканы резеңке бауынан ұстаған жөн. Оны залалсыздандыру үшін ыстық суда сабынмен жуып, үтікпен булаңыз. ⠀

Есіңізде болсын, қазір қауіпсіздік шараларын елемеуге болмайды. Бірақ өз тарапыңыздан экологияға да зияныңызды тигізбеңіз!  

Айнұр Сенбаева