Жасыл Қазақстан әлеуметтік саланы алға сүйрейді

20 шілде 2022, 15:52

Өткен жылдың қыркүйек айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 ұлттық жобаны жүзеге асыру туралы  бастама көтерген болатын. Осы 10 жобаның ішіндегі өзектілерінің бірі – «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы.

Көпшіліктің есінде болар, былтыр Ақтөбеде ірі қоқыс полигоны өртенді. Жергілікті билік өртті өшіруге, мәселені шешуге тырысты. Бірақ осындай жағдайлар еліміздің барлық аймағында бар. Бізде тұрмыстық қалдықтар өте көп, қоқыс полигондарының саны 10 млн-дай екен, бұл көрсеткіш жыл сайын ұлғайып барады. Ұлттық жоба осы мәселені шеше ала ма?

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

–        Қазақстанда экология проблемасы бар және оны тез арада шешу керек.  Осыған орай елде жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Құжат мұқият талданды, сондықтан ол барлық стандарттарға сәйкес келеді. Үкімет алға қойған тапсырмаларды орындауды бақылауына алу керек. Сонымен қатар біз 2 млрд көшет отырғызуымыз керек. Халық бұл ұсынысты қуана-қуана қабыл алып отыр. Көгалдандыру мәселесіне бей-жай        қарауға болмайды. Ағаштарды егу үшін қоғам белсенділерімен, ғалымдармен бірлесіп кәсіби талдау жасауымыз керек.

Экологиялық саясат және тұрақты даму департаментінің директоры Акзан Ширановтың айтуынша, «Жаңа Қазақстан» жобасы еліміздегі экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған. Еліміз бойынша шығарылатын қалдықтарды қайта өңдеудің көрсеткіші өте төмен, небәрі 18 пайыз ғана. Ұлттық жоба аясында бұл көрсеткіш 34 пайызға дейін көтеру жоспарланып отыр. Қоқысты бөлек-бөлек жинау үшін инфрақұрылым жасақталмақ. Тұрғындар арасында қоқысты бөлек жинауды насихаттау да жұмыс жоспарына кіреді. Осылайша қоқыс полигонына түсетін қалдықтардың көлемін азайту қарастырылуда.  

Жобаға сәйкес, Қазақстанның 6 қаласында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды Өскемен, Ақтөбеде қоқыс өртейтін зауыт салу жоспарланып отыр. Осы қалаларда қазір зауыт салынатын жер де бөлініп қойды. Осы жұмыстардың барлығы жеке меншік инвесторлар есебінен жүзеге асырылады. Бөлінетін қаржы көлемі 293 млрд теңге. Ал полигонға түсетін қоқысты  "Waste to Energy" жобасы аясында өртеу қарастырылған. Бюджеттен қаржы бөлу қарастырылмаған. Жоба сәтті жүзеге асса, оны бүгін ел көлемінде таратылатын болды.

Экономист Рахымбек Әбдірахмановтың айтуынша, егер бұл ұлттық жобаларды мемлекет сапалы түрде жүзеге асыруға атсалыспаса экономикалық нәтижесі бола қоюы қиын. Қырауар қаржы салынатын қандай да бір жобаға біреу жауапты болуы керек. Қазіргі таңда біз 15 триллион теңге салып, жүзеге асырмақшы болып отырған ұлттық жобаларымызға 7-8 министрлік жауапты. Жобаға жауаптылардың саны көп болған сайын нәтиже де дұрыс болмақ. Жауапты нақты бюір адам болса тіпті жақсы болар еді. Бұл жоба математикалық, экономикалық модель бойынша жүщеге асырыла ма, осыны да анықтап алған жөн.

Осы уақытқа дейін талай бағдарламалар қабылданды, қаржы да бөлінді. Бірақ нәтиде айтарлықтай болған жоқ. Осы уақытқа дейінгі бағдарламалардың орындалмағаны үшін ешқандай шенеунік жауапқа тартылған жоқ. Сондықтан осы жолы Президент нақты нәтиже болатындай ұлттық жобаларды ұсынып отыр.

Мамандардың айтуынша, әр ұлттық жобаның бағдарламасындағы іс шараларға белгілі бір адам жауапты.

Қазақстан аумағының басым бөлігін шөлейтті дала алып жатыр. Орманның үлесі бар-жоғы 4-8 пайыз. Біз үшін жыл сайын жасыл желек санының артқаны маңызды. Сондықтан талдарды жасылы аз аймақтарға отырғызу жоспарланып отыр.

 Президент Қазақстанның елді-мекендері мен қалаларына 15 млн тал егуді тапсырған. Көп жағдайда елімізде сонша қаржы жұмсалып отырғызылған ағаштар суғарылмай қурап қалып жатады. Миллиондаған жасыл желекті суару мәселесі де оңай емес. Әр азаматтың ағаштарды суғаруға атсалысуымен және жаңа технологиялардың көмегімен бұл мәселе шешіледі деп отыр Экологиялық саясат және тұрақты даму департаментінің мамандары.

Ұлттық жобалардың 2025 жылға дейін Қазақстан экономикасының дамуына қосатын үлесі жыл сайын   0,5-0,22 пайыз болмақ.  Сондай-ақ жылына 60 мыңнан астам жұмыс орны ашылады, оның 830 тұрақты жұмыс орны, қалғаны уақытша жұмыс орындары.

Басқа ұлттық жобалармен салыстырғанда «Жасыл Қазақстан» жобасы әлеуметтік салада нәтижеге қол жеткізуге бағытталған. Ауаның тазаруы, қалдықтарды қайта өңдеуден келетін пайда, ағаш егудің тиімділігі, су ресурстарын үнемді пайдалану секілді тұстары халыққа пайдалы болатыны сөзсіз. Сондықтан экономикалық нәтижеден гөрі еліміздің әлеуметтік саласын оңтайландыруға ұлттық жобаның берері мол.

Айнұр Нұрсабет