«ЖАСЫЛ» ҰЛТТЫҚ ЖОБАНЫҢ ҰЛТҚА ПАЙДАСЫ

26 шілде 2022, 09:46

Дәл қазіргі уақытта «жасыл» энергетика өндіру бұрынғы шикізат жолымен қуат алудан әлдеқайда қымбат. Шығыны да көп. Ғылыми ізденістер қажет. Соған қарамастан барша әлем ғалымдары жасыл энергетика мәселесіне бел шешіп кірісіп отыр. Оған бірнеше себеп бар: табиғи ресурстар – мұнай, газ, көмір экономиканың барлық саласына қолданылады. Сөйтіп, оның қоры түгесіліп барады. Ал оған балама болатын бағыттар бұрын жоқ еді. Тағы бір себеп: ауаны ластамау.

Табиғи ресурстарды жаққаннан шығатын улы газ зиян да улы. Ол бізді күн радиациясынан қорғап тұрған озон қабатын ыдыратып, жер бетіндегі жылудың ұлғаюына алып келді. Соның салдарынан мұздықтар еріп, тұшы су қоры азайып барады. Жаңғыртылған энергия көздерін өндіру ауаға ешқандай зиян әкелмейді. Тағы бір себеп: шикізат үнеміне жеткізеді. Ол шикізатты мұнай химиясы және басқа инновациялық жобаларға жұмсауға мүмкіндік туғызады. Жаңғыртылған энергия көздерінің маңында зауыт-фабрикалардың шуы жоқ. Тыныштық. Және жаңғыртылған қуат көздері иен далада, ешқандай коммуникация жүйесін салмай – ақ оңаша жұмыс істей алады. Сонымен қатар, бұл әлеуметтік фактор. Иен далада шашырап орналасқан халықты жылу мен жарыққа жақындату үшін қалаға көшіру қажеттігін тоқтатады. Осындай себептерді айта отырып, ең басты артықшылыққа айрықша тоқталып өту керек.

Жалпы, жасыл экономиканың басты қағидасы – энергоүнем, энерготиімділік мәселесі. Болашақта энергетика саясатының басты бағыты осы болмақ. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының да көксегені осы энергоүнем, тиімділік мәселесі. Жалпы Қазақстан энергияны көп тұтынатын елдердің қатарына кіреді. Өйткені, ауа-райы тез құбылмалы, қыс айлары қатты суық, әрі ұзақ. Энергия шығыны көп. Экономикасы энергияны көп тұтынатын салалардан тұрады. Жер көлемі ұланғайыр, халқы аз, әрі шашыратып орналасқан, елді мекендердің арасы қашық. Көлік және энергетика инфрақұрылымдары, оның ішінде мұнай, газ құбырлары мен электр желілері тым ұзақ аумақты қамтиды. Оларды қуатпен қамтамасыз ету көп шығынды қажет етеді. Ал, бірақ, республика халқы мен жерінің біртұтастығын сақтап үшін аталмыш инфрақұрылымдардың бәрі қажет. Ал, бірақ, бізде кейбір облыстың жер көлемі Европамен пара-пар. Облыс орталығын қоспағанда ондаған аудан мен қалашықтар, жүздеген ұжымдық шаруашылықтар бар. Олардың әрқайсысы бір-бірінен жүздеген шақырым қашықта орналасқан. Оның үстіне табиғи жағдайы күрделі, таулы-қыратты, немесе, шөл далада орын тепкен ауылдар қаншама. Соның бәрін электр қуатымен жабдықтау үшін қанша  электр желісі керек?

Қандай да бір табиғи апат болса қалса, біраз ауыл жарықсыз, қуатсыз қалады.  Оларды жөндеу, жаңарту жұмыстары бар. Айта берсең – көп.Ал, сол шалғайдағы ауылдар мен елді мекендерге жаңғыртылған энергия көздері, шағын жел, күн, су электр стансалары салынса, жыл сайын шығын шығару азаяр еді. Әрине, ондай стансалар салу арзан емес. Оның үстіне энергия жинақтау қондырғысы да болуы керек. Әрине, бұл жерде Қазақстан ғалымдары мен өнертапқыштарының ізденісі, инновациялық жобалары қажет. Себебі, әр аймақтың табиғи ерекшелігіне, географиялық жағдайына байланысты әртүрлі стансалар қажеттілігі туады. Тіпті, әрбір қыстақты қуатпен қамтамасыз ететін шап-шағын электр стансалары қажет болады. Қазір сол шалғай ауылдарды «болашағы жоқ ауылдар» деген желеумен көшіріп жатырмыз.

Бұл ұлан-ғайыр қазақ даласын жалаңаш қалдырумен бірдей. Елсіз, иесіз құла түз аймақтар көбейіп барады. Жаңғыртылған энергия көздерін ауылға жеткізу осыны тоқтатуға сеп болатыны анық. Тағы бір мәселе: мамандардың зерттеуіне қарағанда жасыл энергетиканы дамытудың экономикалық тиімділігі де орасан екен. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бойынша 2050 жылға қарай еліміз жалпы өндірілетін энергия қорының жартысына жуығын осы жаңғыртылған энергия көздерінен алуға тиіс. Бұл жалпы ұлттық өнімді 3 пайызға ұлғайтып, 500 мыңдай жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туғызатын көрінеді. Және анау-мынау емес, алыс аймақтағы инновациялық жұмыс орындары. Бұл жоспар. Жоспар болса да стратегиялық тұрғыдан өте қажет дүние. Дәл қазір осыған шағын электр стансалар жобасының түр-түрін ойлап табатын ғалымдарды жұмылдыру қажет. Сондықтан «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын тың идеялармен толықтыратын уақыт жеткен сияқты.

С. Ақынжанов