Қалдықтан қуат өндіру қағидасын енгізуге дайынбыз ба?

Қалдықтан қуат өндіру қағидасын енгізуге дайынбыз ба?

«Жасыл экономика» ұғымы экономика түсінігінің шеңберінен шығып, қазір бірден бірнеше саланы қамтитын кешенді шаралардың ортақ философиясына айналды. Бұл тек табиғи энергия көздерін іздеу ғана емес, экологияны сақтау, қуатты үнемдеу, адам қолымен жасалған зиянды заттарды пайдалы дүниеге айналдыру сияқты шаралар кешенін туғызды.

Дамыған елдердің жасыл экономикаға маңыз беретіні соншалық, қазір Европа мемлекеттері бір-бірінен қоқыс пен тұрмыс қалдықтарын сатып алуға кірісті. Пайдасы болмаса бұндай нәрсеге барар ма еді? Әрине, жоқ. Бізге де осындай философияны басшылыққа алатын уақыт әлдеқашан жеткен. Олай деуге себеп те жоқ емес. Қараңыз, еліміздегі ірі қалалардың айналасы қоқыс пен қалдық төгетін, өртейтін, көметін алаңға айналғаны ащы шындық. Экология, геология және табиғат ресурстары министрлігінің деректеріне қарағанда, бұл күндері елімізде үш жарым мың қоқыс пен қалдық полигондары бар екен. Оған жылына 4-5 миллон тоннаға дейін қоқыс пен тұрмыстың қатты қалдықтары шығарылатын көрінеді. Оның 85 пайызы өңдеуден өтпеген күйі көміледі. Сөйтіп, қазір орта есеппен қоқыс полигондарында 120 миллион тонна қалдық бар екен.

Бүгінгі заманауи «жасыл экономика» философиясы тұрғысынан қарасақ, бұл қосымша қуат көздері үшін тұнып тұрған ресурс екеніне сөз жоқ. Ең бастысы: қоқыс төгу мен тұрмыстық қатты қалдықтар шаруашылығын басқаруды жетілдіріп, қалыптасқан инфрақұрылымды өзгерту керек. Осы мақсатта жасыл экономика философиясын қолдану бағытында елімізде қабылданған кешенді бағдарлама да бар. Бағдарлама индикаторлары мынадай: 2030 жылға дейін халықтың тұрмыстық қатты қалдықтарын шығаруды 100 пайызға, оны санитарлық өлшемдерде сақтауды – 95 пайызға, қайта өңдеуді – 40 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Бұл, әрине, жалпы жоспар, бағдарлама. Ал, іс жүзінде мүмкіндіктер мен нақты жағдайды таразыға тартып көрейік.

Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы Қазақстан және шет ел сарапшылар тобымен бірлесіп, еліміздегі 6 ірі қалада зерттеу жүргізді. Зерттеудің мақсаты: «Қалдықтан энергия алу» қағидасын қолдану мүмкіндіктерін сараптау. Алдымен, еліміздегі қоқыс пен тұрмыстағы қатты қалдық полигондарының көбею қарқыны қандай деген сұрақ талқыға түсті. Ол жыл сайын өсіп келеді екен. 2035-жылға қарай полигондарға төгілетін қоқыс пен қалдықтар жылына 8 миллион тоннаға жетеді. Яғни, оның өсімі қазіргі көрсеткіштен екі есеге жуықтайды. Ал, осы қалдықтардан энергия алу дегеніміз не? Ол қандай жолмен жүзеге асырылады?

Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы мамандарының айтуынша, электр және жылу энергиясын алудың басты жолы – қалдықтарды арнайы пештерде отқа жағу. Қалдық энергия алу жобасының аясында мамандар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Тараз, Шымкент сияқты ірі қалаларда зерттеу жүргізді. Ең алдымен осы қалалардың коммуналдық қалдықтарды болашақта жылу және электр энергиясына айналдыру мүмкіндіктері сараланды. Зерттеушілер қалдықтарды басқару жүйесінің, инфрқұрылымының қоқыстан энергия алуға әзірлігі мен мүмкіндігін сарапқа салды.

Қалдықтарды басқару жүйесінің өзі үлкен кешенді шаруа екені белгілі: жинау, тасымалдау, уақытша сақтау, қалдықтарды сұраптау және екінші өнім алу өндірісін жасақтау. Өндіріс ашу үшін қалдықтардың морфологиялық құрамы мен физикалық-химиялық құрылымын, олардың энергетикалық көрсеткіштерін толық зерттеп алмаса болмайды. Бұндай толыққанды зерттеу де жүргізілді. Сөйтіп мынадай маңызды қорытынды жасалды: қоқыс пен тұрмыстағы қалдық полигондарына жиналған көлемнің 70 пайызын электр энергиясын өндіруге пайдалануға болады! Ал, қалдықтарды жою ісінде қуаты жылына 100 000 тонна қалдықты жағуға жететін қондырғы-пештерді қолданатын болсақ, экономикалық тиімділігі арта түспек. «Қалдықтан энергия алу» жобасына жүгінбей тұрғандағы бұрынғы көрсеткіштер сәл басқашалау еді. Мысалы: жалпы тұрмыс қалдықтарының ішінде 46 пайызы өңдеуге жарамды және энергия алуға болады саналатын. Енді ол көрсеткішті ұлғайтатын да мүмкіндік бар екені анықталды.

Енді әр қаланың энергетикалық мүмкіндіктерін сарапқа салайық. Атқарушы органдардың мәліметі бойынша: 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында 300 мың тонна қалдық жиналған. Алматыда – 420 мың, Ақтөбеде – 141 мың, Атырауда – 133 мың, Таразда – 40 мың, Шымкентте – 215 мың тонна жиналады. Бұл дегеніміз энергия өндіруге арналған мыңдаған тонна шикізат. Дамыған елдердің бір-бірінен қалдық сатып алуын осымен түсіндіруге болады. Иә, сарапқа түскен 6 қаланың бірінің «қалдық қоры» 100 мың тоннаға жетпейді екен. Жалпы қалдық қорының 70 пайызы энергия өндіруге жарамды дейтін болсақ, онда тағы бірқатар облыс орталықтарының қалдық жинауға бел шеше кірісіп, жақын аудандардан қоқыс тасуына тура келеді екен. Ал, тұрмыстың қатты қалдықтарының морфологиялық құрамына келсек, сол зерттеуге түскен 6 қаланың бәрінде бірінші орында азық-түлік қалдықтары тұр. Ал, Алматы, Ақтөбе, Тараз, Шымкентте екінші орынды пластик ыдыстар алады. Яғни қағаз, қатты қағаз қораптар, шыны, қара темір мен түсті металл қалдықтарымен қатар пластик те қайта өңдеуге түсуі керек. Барлық 6 қаладағы тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы пеш-қондырғыда жағу мен электр қуатын алуға толықтай жарайтынын анықталды.

Күнде өзгеріске түсіп, тың дүние шығарып отыратын, бүгінгі қым-қуыт заман туғызған атау мен жүйенің бірі – қалдықтарды басқару жүйесі. Құлаққа біртүрлі естілгенмен, нарық заманы мұндай атаудың да, жүйенің де қажеттігін дәлелдеп отыр. Әсіресе, қалдықтан энергия алу жобасын жүзеге асыру үшін бүгінгі заманғы қалдықтарды басқару жүйесін енгізу керек екен.

Бұл жүйенің басты құралы: қалдықтарды басынан бастап сұраптап жинау мен өңдеу ісін қалыптастыру, жолға қою. Осындай заманға сай жүйе Елордада 2016 жылы құрыла бастады. Қазір ол жерде қалдықтарды сұрыптан өткізу жүйесі қалыптасқан. Пластик, макулатура, шыны, металл – «Құрғақ» фракция тобына жіберіледі. Тағам, органикалық қалдықтар және қайта өңдеуге келмейтін дүниелер «Ылғал» фракция тобына түсіп, жерге көміледі. Контейнерлер мен қоқысшығарғыш көліктер паркі жаңартылған. Қоқыс пен қалдық өңдеу кешені жұмыс істейді. Тұрмыс қалдықтарын сұрыптап салуға шақырып, халыққа үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал басқа қалаларда тұрмыс қалдығын сұраптап жинау ісі енді басталды. Өйткені, мұндай кешенді жоба біраз қаржы инвестициясын қажет етеді. Әртүрлі қуаттағы «құнды» қалдық сұрыптау және өңдеу кешендерін әлі салып үлгермегендері де бар. Бар болса, қуаты аз. Бірнеше қаладағы контейнерлер паркі ескірген. Жаңартуды қажет етеді. Сонымен қатар, бірқатары қалдықтарды басқаруды жаңаша энергетикалық талап бойынша жою жүйесін енгізуге дайын емес. Олай болса, өртеп жою пешіне өңдеу фракциясына жататын «құнды энергетикалық шикізат» та кетіп қалады деген сөз. Бұл екінші өнім алу мүмкіндігін азайтады.

Жалпы, қоқыстан энергия алу жобасының тағы бір кереметі, әрине, экологияға пайдасы, айнала қоршаған ортаны сақтауға тың серпін беретіндігі. Шынын айтқанда, қазір ауыл болсын, қала болсын, айналасы қоқыс полигонына болып кеткені жасырын емес. Бұл қазір өте үлкен мәселеге айналып отыр. Сондықтан да әкімдер қоқыс төгуге арналған жер көлемін бөліп беруге мәжбүр. Ол толған соң екіншісі. Үшіншісі...Солай болып келген. Әлі де жалғасып жатыр. Сөйтіп, ауыл мен қаланың төңірегіндегі қалдық пен қоқыс көметін «қабірлерді» санауды қойдық. Оны азайтудың бір жолы сол – қалдықтан энергия алу жобасы екені анық. Қалдықтарды энергетикалық талапқа сай жою – шіріген органикалық қалдықтардың жерасты және жерүсті суларын, өзен-көлдерді, топырақты, егістік пен жайылым жерлерін ластаудан сақтайтыны анық. Елді мекендерді жағымсыз иістен арылтатынын өз алдына, жұқпалы аурулар ошағы пайда болу қаупін азайтады. Тұрғындарға қоршаған ортаны аялау көзқарасын дарытады.

Қорыта айтқанда, «қалдықтан қуат өндіру» қағидасына бүкіл ел болып мән беру, оның заман ұсынған қажеттілік екенін мойындау бізге керек-ақ. Арзан жоба емес екені анық. Бірақ, одан басқа жол жоқ екені – тағы ақиқат! Оның кәдімгі «Жасыл экономика», яғни табыс көзі екенін айтпаған күннің өзінде, экологияны, қоршаған ортаны сақтауға беретін пайдасы ұшан-теңіз.

 Серік Ақынжанов

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста