ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭНЕРГОҮНЕМ САЯСАТЫНЫҢ САТЫЛАРЫ

22 тамыз 2022, 22:15

Энергоресурстар мен қуат көздерін үнемді және тиімді пайдалану - ел экономикасын қарқынды және тұрақты дамыту үшін қажет екені белгілі дүние. Оның үстіне бұл энергетика өндірісінің айнала қоршаған ортаға, экологияға зиянын азайтады. Сол себепті де әлемдегі дамыған елдердің барлығы экономикалық саясаттың басына энергоүнем мен оның тиімділігін арттыру мәселесін қойып отыр. Қазақстан Республикасы да әлем экономикасының негізгі бағытына айналған бұл істен кенже қалып қоймақ емес. Қазақстан да «жасыл» экономика қағидаларын берік ұстанатынын, жалпы ішкі өнімнің энергия «жұтуы» 2008 жылмен салыстырғанда, 2030 жылы 30 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға азаятынын мәлімдеді.

        Еліміздің заманауи энергия үнемдеу жүйесіне көшуі  2012 жылдан басталады. Сол жылы Қазақстанда «Энергоүнем және энерготиімділікті арттыру туралы» Заң қабылданды. Заң бойынша энергоүнем мен энерготиімділіктің басты бағыттары Мемлекеттік энергетикалық реестр, энергоаудит және мемлекеттік бақылау болып бекітілді. 2014 жылы «Қазақстанда энерготиімділікті арттыру» грантын жүзеге асыру жобасы бойынша Дүниежілік банкпен келісім шартқа қол қойылды. Сол жобаның аясында емхана, мектеп, балабақша, көшені жарықтандыру сияқты 96 әлеуметтік нысан жетілдірілді, 85 пайызы желгілікті жұмысшылардан тұратын екі мың жұмыс орны жасақталды. Бұл нысандардағы энергоүнем 25 пайызға жеткізілді. Сонымен қатар, осы жоба шеңберінде «Мемлекеттік энергетикалық реестр» автоматты ақпарат жүйесі жасалып, іске енгізілді, энергоүнем бойынша халықаралық форумдар өткізіліп, мемлекеттік мекемелер мен ғимараттарда энергия жұмсаудың әдістемелерін сараптау мен бәсекелестердің озық тәжірибесін үйрену мәселесі талқыланды.

       2015 жылы «Бес инстуционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарында» 59-қадам халықаралық деңгейде танылған энергоқызмет келісім шарттары механизмі арқылы энергоүнем саласына стратегиялық инвесторларды тарту мақсатын жүктеді. Оның басты мақсаты - - жекеменшік энергоқызмет компанияларының жұмысын дамыту.

    Dena, Дүниежүзілік банк, АБР және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы сияқты стратегиялық әріптестердің көмегінің арқасында энергоүнем саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асырудың құжаттарын біріздендіру, заңнамалық негізін жасау, техника мен қондырғылардың нарқын қалыптастыру, оларды қаржылай қолдаудың сынақтан өткен механизмдерін енгізу жұмыстары жүргізілді. Сөйтіп, 30 отандық энергоқызмет компаниясы жұмыс істей бастады.

Ал, 2017 жылы ҚР Индустрия және инфрқұрылымдық даму министрлігі, ПРООН және «Даму» АҚ арасында энергоүнем саласын қаржыландыруда тәжірибеден өткен механизмді енгізу жобасы қолға алынды.Ол жоба бойынша субсидия мөлшерлемесі былай болды: 10 пайыздық несие және несиенің 50 пайыз кепілдендіріледі. Сөйтіп, бүгінгі күнге дейін 108 энергоқызмет жобасына 19 миллиард теңгеден аса инвестиция салынды. Оның ішінде 37 жоба бойынша несиелендіруге қол қойылды.

 2018 жылы халықаралық ұйымдардың қолдауымен энергоүнемнің тұрақты платформа сапасы бойынша үш халықаралық форум өткізіліп, бұл саладағы жұмыстар сараланды, қорытынды жасалды.

Ал 2019 жылы Республика Үкіметінің қаулысымен Энергоүнем күні белгіленді және «Энергия үнемдеу саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі – жаңа салалық марапат белгісі бекітілді.

   Сонымен кәсіпорындардың энергия «жұтуын» азайту, энерготиімділікті көбейту мақсатында қабылданған Қазақстан Республикасының «жасыл экономика» Концепциясына өтуіне байланысты «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселесіне байланысты ҚР бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң Жобасы жазылды. Заң жобасы ЖІӨ энергосиымдылықты азайтуға бағытталған. Ол үшін мына салаларды жетілдіру қажет:

-Мемлекеттік энергетикалық реестр жүйесін;

-энергоаудит жүйесін;

-бюджет саласындағы энергия үнемдеу жүйесін;

-энергоүнем саласындағы мемлекеттік бақылау жүйесін;

-аймақтық саясатты күшейту.

2021 жылы немістің Dena энергетикалық агенттігімен бірге  энергоүнем және энерготиімділік бойынша 2022-2026 жылдарға арналған Жол картасы дайындалды. Бұл жобада энергоүнем және энерготиімділік бойынша мақсатқа жетудің жаңа тәсілдері мен құралдары қарастырылған.

Ал 2022 жылдан бастап ПРООН бірлесіп энергоүнем жобаларын несиелеу бойынша жаңа грант әзірленіп жатыр. Оның ерекшелігі: екінші деңгейлі банктердің энергоүнемдеуші компанияға беретін жалпы қарызының ішінде несиенің 80 пайызына кепілдік беріледі. Яғни, несие желісі тоқтап қалуы мүмкін деген қауіп жоқ. Жұмыс та тоқталмайды.   

    Міне, осылайша Қазақстанның 2012 жылы басталған энергоүнем және энерготиімділік саясаты сатылап жалғасып келеді. Бұл тоқталмақ емес. Өйткені, болашағын терең болжаған елдер энергоүнем және энерготиімділік саясатын қазір басты орынға қойып отыр. Қазақстанда да бұл саясат күн санап құлашын жайып келе жатыр.

 С. Ақынжанов