Ұлттық жобадан ұтарымыз не?

23 тамыз 2022, 12:57

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының негізгі мақсаты – атмосфералық ауаның ластануын азайту, қалдықтарды, су ресурстары мен орман шаруашылығын басқару жүйесін жетілдіру. Қолайлы өмір сүру ортасы мен экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жоба 4 бағытты, 11 міндетті, 19 көрсеткішті және 48 іс-шараны қамтиды. 

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында атап өткендей, ұлттық жоба аясында өткен жылы біраз жұмыстар атқарылды, биыл да біраз шаралар іске асырылуда. 

Айталық, өткен жылы "Жасыл Қазақстан" жобасын іске асыруға 89,3 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 27,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 15 млрд теңге және бюджеттен тыс 46,7 млрд теңге қаржы бөлінген болатын. Биыл ұлттық жоба аясындағы іс-шараларды іске асыруға 161 млрд теңгедей қарастырылып отыр.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына әр қазақстандық үлес қоса алады.

Министрдің мәліметінше, жалпы жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі жаман емес. Мысалы, былтыр 16 кәсіп­орынның атмосфералық ауаға шығарған лас­таушы заттарының мөлшері 3%-ға азайған, ал 2022 жылдың 6 айында былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш  6,7%-ға төмендеді. Табиғатты қорғау іс-шараларымен қатар, өнеркәсіпті модернизациялау есебінен де осындай көрсеткіштерге қол жеткізіліп отыр. Сондай-ақ 3 005 полигонның 639-ы экологиялық нормаларға сәйкес келтірілді. Қалдықтарды бөлек жинау үшін 3 876 контейнер орнатылды. Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс қалдықтарын жинауға және өңдеуге арналған алаң салынды. Павлодар облысында «Былқылдақ» көлі аумағының ластануын оқшаулауға бағытталған іс-шаралар өткізілуде. 

Еліміздің аумағындағы өзен-көлдер тазартылды, мәселен Балқаш көлінің бассейнінде жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сырдария өзенінің 50 шақырымы тазартылды. 22 арнаның су есебі цифрланды. Осындай шаралар Балқаш көліне шамамен 12 текше километр су ағымын қамтамасыз етті, Солтүстік Арал теңізінің көлемі 20,6 текше километр деңгейінде сақталып, суару кезінде су шығыны 200 млн текше метрге қысқартылды, көлемі 230 млн текше метрге су қосымша жинақталды.

Премьер-Министр қоршаған ортаны жақсарту үшін келесі жылдан бастап  ірі кәсіпорындарда эмиссиялар мониторингінің автоматты жүйесін енгізу қажеттілігі туралы норма күшіне енетінін айтты. «Бұл шара әрбір кәсіпорынның зиянды қалдықтары туралы жедел әрі нақты ақпарат алу үшін жасалады. Сондай-ақ бұл норма кәсіпорындарға мониторинг жүргізіп, атмосфераға шығатын зиянды қалдықтар деңгейі асып кеткен жағдайда жедел шаралар қолдануға мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды жаңалық, елімізде халық саны 10 мыңға дейінгі елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары салынатын болды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 5 жылда 2 млрд түп ағаш отырғызу жобасы іске асырылуда. 2021 жылы 66 мың гектар алаңға 138 млн ағаш отырғызылды.

ҚазАқпарат