1100 Porsche мен 189 Bentley жанып кетті

23 ақпан 2022, 19:44

Felicity Ace кемесінің өртенуі әлемдік теңіз тасымалындағы шығыны орасан зор оқиға атануы мүмкін деп хабарлайды kolesa.kz.

 

Өткен аптада Volkswagen концерні тиеген 4000 жаңа машинаны АҚШ-қа алып бара жатқан кеме Португалияға жеткенде өрт шыққан. Құтқарушылар от құрсауында қалған автотасығыштан 22 экипаж мүшесін алып шықты, ал су көлігі әлі өртеніп жатыр.

 

Жүкті сақтап қалу мүмкін болмады, себебі жалын шарпыған электромобильге су шашуға болмайды екен. Литий-ионды аккумулятор жанғанда өте улы және жарылу қаупі жоғары заттар бөлінеді, сондықтан өрт сөндірушілер бортқа көтерілуге батпаған. Отқа оранған кеме әлі Азор аралдарының маңында жүр, жалынның беті қайтқанда портқа жеткізіледі.

 

 

Bloomberg таратқан ақпаратқа сүйенсек, кемеде 3965 автомобиль болыпты, ішінде 1100 Porsche және 189 Bentley бар. Audi мен Volkswagen де бортта өз өнімдері болғанын растады, бірақ нақты санын атаған жоқ. Lamborghini-дің де бірнеше суперкары болуы мүмкін, әзірше олар ресми мәлімет бермеді. Алдын ала есеп бойынша 282-376 млн доллар аралығында шығын келген.