Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

23 млн адам вирус жұқтырды: әлем елдерінде не болып жатыр

24 тамыз 2020, 00:44

Бейжің тұрғындарына көшеде маскасыз жүруге рұқсат берді, ал Берлинде мектеп оқушылары вирус жұқтыра бастаған, Ливанда тағы да жалпыұлттық карантин жарияланбақ – төрткүл дүниеде не болып жатқанын Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адамзат екі жылдан аз уақыт ішінде індеттен құтылады деп болжап отыр. Соңғы деректерге сүйенсек, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 23 миллионға жуықтады, 800 мыңға тарта адам қайтыс болды. Карантиннен шыққан кейбір елдерде вирус қайта тарап жатыр.

 

Оңтүстік Кореяда індет қайта өршіді
Бірнеше күннен бері Оңтүстік Кореяда вирус жұқтырғандар саны азаймай тұр. Егер бір апта бұрын күніне небәрі 20-40 науқас тіркелсе, ал қазір 200-300 адамға дейін барады.

Науқастардың көбі – ел астанасында. Ауру ошақтарының арасында шіркеу де бар. Ғибадат үйінің басшылығы дәрігерлермен бірлесе жұмыс істеуден бас тартты. Корея үкіметі коронавирустың екінші толқынына жол бермес үшін шұғыл шаралар қабылдамақ. Билік заңға бағынбағандарды қатаң жазалауға уәде етті.

Ел үкіметінің өтінішіне қарамастан, 15 тамызда Сеулде наразылық шерулері өтті. Акцияға мыңдаған адам қатысқан. Сарапшылар бірнеше күннен кейін вирус жұқтырғандар тағы көбейеді деп қауіптеніп отыр.

Індет қайта өрши бастаған соң, Сеулде музейлер, түнгі клубтар мен караоке-барлар жабылды.

Сонымен қатар, Кореяда ауру жұқтырған шетелдіктерді емдеу ережесі өзгерді. Енді кейбір шетелдіктер өз ақшасы есебінен емделеді.

 

Маска тақпауға да болады

Бейжің тұрғындарына карантин басталғалы алғаш рет көшеде бетпердесіз жүруге рұқсат етілді. Жергілікті билік Қытай астанасында вирус жұқтыру қаупі төмендегенін мәлімдеді: қалада екі апта бойы COVID-19 жағдайлары тіркелмеген.

Десе де, қала тұрғындарының көбі маска таққанды жөн көреді. Әлеуметтік ара қашықтықты сақтау талабы өз күшінде қалды.

Жуырда мемлекеттік Sinopharm корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Лю Цзинчжэнь қытайлық вакцина желтоқсан айының соңында нарыққа түсіп қалуы мүмкін екенін айтқан еді.

 

Жалпыұлттық карантин

Ливанда COVID-19 таралуына байланысты тағы да жалпыұлттық карантин және түнгі комендант сағаты енгізілді. Режим 21 тамызда күшіне енді, ол екі аптаға жалғасады.

Билік жаңа шаралар 4 тамызда Бейрут портында болған жойқын жарылыстың салдарын жоюға тартылған жұмысшыларға қатысты емес екенін мәлімдеді.

Өткен аптада Ливанның денсаулық сақтау министрлігі елде бір тәулікте коронавирус жұқтырудың рекордтық өсімі тіркелгенін хабарлаған болатын.

БАҚ ақпаратынша, Бейрут ауруханалары қазір жарылыстан зардап шеккендерге толы. Осыған байланысты індетке шалдыққандарды емдеу қиынға соғып отыр.

Пандемия басталғалы Ливанда барлығы 9,3 мың адамда коронавирус диагнозы расталды. 105 науқас қайтыс болды.

 

Еуропа елдеріндегі жағдай

Германияда оқушылар мен мұғалімдер арасында вирус тарап жатыр. Берлинде кем дегенде 41 мектеп осыған қатысты алаңдаушылығын білдірген. Қалада білім ошақтары екі апта бұрын ғана ашылған еді.

Жүздеген оқушы мен мұғалім қазір карантинде. Ауру бастауыш, орта мектептер мен кәсіби училищелерде тараған.

Германияда жазғы демалыстан кейін мектептерді қайта ашқан қалалардың бірі – Берлин. Балалар дәлізде, үзілісте және сыныпқа кірерде маска тағуға міндетті. Ал сабақ кезінде бетпердені шешіп қояды.

Кейбір қалаларда, тіпті, мұғалімдерге оқушыны тақтаға шақыруға тыйым салынды. Дене шынықтыру сабағы тек далада, таза ауада өтеді. Созылмалы ауруы бар мұғалімдерге сабақты онлайн беруге рұқсат етілді. Бұған қоса, олар айына екі рет коронавирусқа тегін тест тапсыра алады.

Испанияда жағдай мәз емес. Соңғы айда вирус жұқтырғандар саны едәуір өскен.

Елдің денсаулық сақтау министрі Фернандо Симон коронавирус бойынша ахуал ойдағыдай емес екенін жеткізді.

Инфекция, негізінен, жастардың әлеуметтік ара қашықтықты сақтамауының кесірінен таралуда.

Соңғы деректер бойынша Испанияда барлығы 386 мың адам дертке шалдықты, 28 838 науқас көз жұмды.

БАҚ мәліметінше, Францияда да жағдай көңіл көншітпейді. Үш-төрт күн бұрын елде 35 жаңа ауру ошағы анықталған.

Білім министрлігінің ақпаратынша, қыркүйектен бастап мектептерде 11 жастан асқан оқушылар маска тағып жүреді. Ал бастауыш сыныптарда мұғалім бетперде киеді.

Литвада бетпердеге қатысты жаңа норма күшіне енді. Енді тұрғындар барлық бұқаралық іс-шарада – көшеде немесе жабық ғимаратта болсын, және қоғамдық тамақтану орындарында маска тағуға міндетті.