77 адам өлтірген террорист түрмеден уақытынан бұрын босатуды сұрады

24 қаңтар 2022, 11:13

77 адамның өмірін қиған норвегиялық экстремист Андерс Брейвик бостандыққа шығудан үмітті. Теракт жасаған қылмыскер 21 жылға сотталған. Заң бойынша, отырған уақыты сот белгілеген мерзімнің жартысына жетпесе де, ол уақытынан бұрын босап шығу туралы өтініш білдіре алады. Норвегияда жүзге жуық адам өлтірген қанды қол қылмыскерге де заң осындай. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

 

Қылмыскер түрмеде 8 жылдан бері отыр. Ол уақытынан ерте босап шығу туралы алғашқы өтінішін осыдан екі жыл бұрын берген. Экстремист зорлық-зомбылықтың жақтаушысы емес екенін мәлім етті. Алайда өз идеялары үшін күрестен бас тартпайтынын жеткізді. Сот отырысына ол "Ақ ұлттардың геноцидін тоқтатыңыздар" деген жазуы бар плакатпен келді.

 

"Он жыл бұрын менің миымды шайды. Оған мен кінәлі емеспін. Ғаламторда адамдарды радикализациялайтын адамдар болған оқиғаға толықтай дерлік жауапты. Ондай қанша радикал бар?" - деді Андерс Брейвик.

 

Норвегия заңы бойынша, сотталушылар үшін тағайындалатын ең ұзақ мерзім - 21 жыл. Алайда қылмыскер қоғам үшін қауіпті деп саналса, оның мерзімі ұзара береді. Яғни, Брейвик өмір бойы түрмеде отыруы мүмкін. Ал экстремистің өзі жыл сайын сотқа істі қайта қарау туралы өтініш беруге ниетті.

 

Прокурор Хульда Карлсдоттирдің пікірінше, қылмыскер БАҚ алдында сөйлеуге ынталы.

 

"Ол тұрақты түрде ерте босап шығу туралы өтініш білдіре алады. Бірақ осы процес кезіндегі оның әрекеті БАҚ алдында сөйлеуге қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді", дейді прокурор.

 

Ал экстремистің қорғаушысы Эйстейн Сторрвиктің айтуынша, ұзақ уақыт бойы изоляцияда отырған адамның бостандық туралы ойлауы заңды.

 

"Мұны пиар-қадам деп атау дұрыс емес", - деді ол.

 

Қайтыс болғандардың туыстары сот процесінің насихатталуына қарсы. Мәселен, Лисбет Кристин Ройнеланд теракті кезінде 18 жастағы қызынан айырылған. Утойя аралындағы жастар лагерінде Брейвик 69 адамды өлтірген. Қаза болғандардың басым дені - жасөспірімдер.

 

"Мұның бәрі оның 10 жыл бұрын жариялаған жоспарының бір бөлігі. Ол өзінің нацистік идеяларын тарату үшін БАҚ құралдарын қалай пайдаланатынын айтып берген. Қазір сонымен айналысып жатыр", - дейді Лисбет Кристин.

 

Түрмеде отырған Брейвик есімін ауыстырып үлгерген. Ол жалғыз өзі жататын үш бөлмелі камераға теледидар, ойын приставкасы мен жаттығу залын алдыртуға қол жеткізген. Одан бөлек, террорист саясаттану ғылымы бойынша жоғары білім алуда. Ол қылмысын экранға шығару арқылы миллиондар табуды көздеп отыр.