АҚШ сенаторы Байденнің сайлаудағы жеңісіне қарсы шықты
Америка Құрама Штаттарының сенаторы Байденнің сайлаудағы жеңісіне қарсы шықты. Миссури штаты сенаторы Джош Хоули президенттік сайлаудағы жаппай алаяқтық мәселесіне байланысты, сайлаудың тұтастығына қатысты түйткілдер бар екенін айтты.
 
Конгресстің төменгі палатасы есептелетін өкілдер палатасындағы республикашылдар тобы да сайлау нәтижелерімен келіспеуді жоспарлап отыр.
 
Қараша айындағы президенттік сайлау нәтижесіне сәйкес Джо Байден 306 дауысқа, ал, Дональд Трамп 232 дауысқа ие болған.
 
Бұл дауыстарды 6 қаңтарда Конгресс растауы керек. Жаңа сайланған президент пен вице-президент ант беретін инаугурация күні 20 қаңтарда өтеді.
 
Дегенмен ресми сайлау нәтижесі бойынша жеңілген Трамп бірнеше рет "дауыс беру кезінде бұрмалаушылықтар болды", "жаппай алаяқтыққа жол берілді" деп мәлімдеді. Алайда, президенттің нәтижелерді жою жөніндегі әрекеттерін соттар қабылдамады.