АҚШ Венесуэланың Еуропаға мұнай жеткізуіне рұқсат берді

06 маусым 2022, 08:05

Ресей мұнайының экспортына қойылған шектеулер аясында итальяндық мұнай компаниясы Eni SpA мен испандық Repsol SA келесі айдың басында Венесуэла мұнайын Еуропаға жеткізуді бастауы мүмкін. АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі рұқсат берді, - деп хабарлайды  "Голос Америки" басылымы.

Екі жыл бұрын Вашингтон Венесуэлаға санкцияларды күшейткен кезде тоқтатылған мұнай жеткізілімдері Каракастың өтелмеген қарыздары мен мерзімі өткен дивидендтерге айырбасталады. 
 
Reuters агенттігі мәліметінше, Eni және Repsol алатын мұнай көлемі аз және оның мұнайдың әлемдік бағасына әсері аз болады.

Дегенмен, Байден әкімшілігі Венесуэла мұнайы Еуропаның Ресейге тәуелділігін азайтуға көмектеседі деп үміттенеді. Негізгі шарт - алынған мұнай Еуропаға баруы керек және оны қайта сатуға болмайды.

kaz.tengrinews.kz