Әлемде омикроннан алғашқы адам өлімі тіркелді

14 желтоқсан 2021, 01:22

Әлемде омикроннан алғашқы адам өлімі тіркелді. Ұлыбританияда жаңа штамды жұқтырған науқас көз жұмған. Жалпы, қазір корольдіктегі эпидахуал күрделі. Әсіресе Лондонда омикрон жұқтырғандар көп. Өткен айда анықталған жаңа штамның бүгінде әлемнің 60-тан аса еліне таралып үлгергені белгілі.

Ұлыбританияда коронавирусқа қатысты қауіп үшінші деңгейден төртіншіге дейін көтерілді. Оған омикрон штамының тез таралуы себеп. Қазір ел астанасы Лондондағы вирус жұқтыру деректерінің 40 проценті жаңа штаммен байланысты. Жалпы, әлемдегі ең үлкен тәуліктік өсім осы корольдікте тіркелген. Сондықтан билік халықты қайта вакциналауға белсенді қатысуға шақырып отыр.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі: – Сарапшылардың айтуынша, вирустың жаңа штамынан тек ревакцинация арқылы құтыла аламыз. Біреулер бустерлік дозаны алар алдында зерттеу жұмыстарының нәтижесін күтпекші. Алайда менің ойымша ревакцинация қажет шара. Омикрон денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін. Қазір вирус өте тез тарап барады. Оңтүстік Африка Республикасында бір аптаның ішінде дертке шалдыққандардың саны екі есеге артып кетті. Омикрон біздің елде де тіркелді.

Ең үлкен тәуліктік өсім тіркелген елдердің бестігінде Ресей де бар. Көрші елде пандемия басталғалы расталған деректер саны 10 миллиондық межеден асып кетті. Десе де мамандар кейінгі уақытта вирустың таралуы бәсеңдей бастағанын айтады. Кісі өлімі де азайған. Алайда сарапшылар босаңсуға әлі ерте дейді. Өйткені омикронға қатысты қауіп сейілмей тұр. Соңғы дерек бойынша, Оңтүстік Африка Республикасынан ұшып келген 177 адамның 16-сынан жаңа штамм анықталан.

АҚШ-та да омикрон тез тарап барады. Жаңа штамм 50 штаттың тең жартысында тіркелген. Соңғы деректердің бірі ел астанасы Вашингтонда расталған. Дегенмен мамандар АҚШ-та дельта басым штамм екенін айтады. Қазір вирус жұқтырған америкалықтардың 99 процентінен осы мутация анықталып жатыр.

Жұлдыз Атагельдиева

24.kz