Армения әзербайжан әскерімен атыста бір сарбаздың мерт болғанын хабарлады

26 мамыр 2021, 19:02

25 мамырда әзербайжан әскерімен атыс кезінде бір армян сарбазы оққа ұшты. Бұл туралы Армения қорғаныс министрлігі хабарлады. Екі ел арасында жағдай кейінгі уақытта қайта ушыға бастаған.

 

Министрліктің айтуынша, Арменияның Гегаркуник ауданындағы Верин Шоржа бекетінде болған атыс кезінде бір армян сарбазы оққа ұшқан. Қазір аумақта жағдай тыныш, атыс тоқтаған. Министрліктің мәліметінше, әзербайжан тарабы армян позициясына қарай оқ атып, атыс содан туындаған. Бұл аймақ былтыр Таулы Қарабақтағы соғыстан кейін Әзербайжанға қайтарылған аудандармен шекаралас жатыр.

 

Ал ресми Баку армян сарбазының оққа ұшуына қатысы жоғын, солдаттың қайғылы жағдайдан мерт болғанын хабарлады.

 

Халықаралық қауымдастық Таулы Қарабақты Әзербайжан бөлігі деп біледі, бірақ 1990 жылдардан бастап бұл аймақты этникалық армяндар бақылай бастаған. Былтыр қыркүйек соңында аймақта жағдай қайта ушығып, алты аптаға созылған соғыстың нәтижесінде екі жақтан барлығы 6 мыңнан астам адам мерт болды. Қараша айында Ресейдің араағайындық етуімен тараптар арасында ортақ келісім жасалып, атыс тоқтады. Келісімге сәйкес, Таулы Қарабақтың бір бөлігі мен жеті аудан Әзербайжан жағына қайтарылды.

 

 

 

azattyq.org