Армения мен Әзірбайжан бір-бірін шекарада оқ жаудырды деп айыптады. Тиісті хабарламаларды екі елдің қорғаныс министрліктері таратты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Армения үш әскери адам қаза тапқанын мәлімдеді, Әзірбайжанда бір әскери қызметкер жараланды.
"28 қыркүйекте сағат 18.00-ден бастап Әзірбайжан қарулы күштерінің бөлімшелері Армения-Әзірбайжан шекарасының шығыс бағытындағы жауынгерлік позицияларға минометтер мен ірі калибрлі атыс қаруын қолдана отырып, оқ жаудырды. Армян тарапы жауап қайтаруға мәжбүр болды", - деп мәлімдеді Армения қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы.
Әзірбайжанның әскери департаменті Армения тарапынан атылған оқ салдарынан әскери қызметші жараланғанын айтты.
"Атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан, 28 қыркүйекте сағат 18.00-де Армения қарулы күштерінің бөлімшелері Әзірбайжан армиясының бөлімшелерін Кяльбаджар ауданының Алагелляр бағытында әртүрлі калибрлі атыс қаруларымен оқ жаудырды. Оқ ату нәтижесінде Әзірбайжан армиясының әскери қызметшісі Искендеров Ниджат Хидаят оглу жарақат алды", – делінген хабарламада.
Әзірбайжан әскери департаментінің мәлімдеуінше, болған оқиға үшін жауапкершілік Арменияның әскери-саяси басшылығына жүктеледі.
Естеріңізге салайық, армян-әзірбайжан шекарасындағы жағдайдың шиеленісуі 13 қыркүйекте болғаны хабарланды. 14 қыркүйек күні кешке атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілген еді.