Әйгілі актерге кісі өлтірді деген айып тағылады

20 қаңтар 2023, 17:40

Танымал америкалық актер Алек Болдуинге «Тот» фильмін түсіру кезінде операторды еріксіз өлтіргені үшін айып тағылады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.

The New York Times газетінің хабарлауынша, түсірілім алаңында қару-жараққа жауапты Ханна Гутьеррес-Ридке де осындай айып тағылатын болады.

 

Оператор Галина Хатчинсті байқаусызда өлтірді деп танылса, екеуі де 18 айға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алайда, қылмыстың басқа жағдайда болғаны анықталса, онда бұл мерзім 5 жылға дейін ұлғаюы мүмкін.

 

Қылмыстық айыптау киноиндустриядағы көпшілік үшін күтпеген жағдай болды. А.Болдуиннің заңгерлер тобы оған қарсы шықты. Адвокат Люк Никас сот әділетсіздігімен күресетінін мәлімдеп, фильмнің репетициясы кезінде клиентінің тапаншасында оқ болмағанын айтып сендіруде.

 

Актердің өзі кінәсін мойындамай, оған оқталған мылтық бергені үшін жауапты деп түсіру тобының мүшелерін сотқа берді.

 

Алайда Санта-Фе округінің прокуроры Мэри Кармак-Олтвис А.Болдуин қару-жарақ пен оқ-дәрілердің дұрыс тексерілгенін қамтамасыз етуге міндетті және қауіпсіздіктің негізгі талаптарына сәйкес оларды ешқашан ешкімге бағыттамауы керек деп санайды.

 

Гутьеррес-Рид адвокаты оның клиенті қару-жарақ жасаушы мен қосалқы көмекші қызметін бірге атқарғандықтан, бұл оның қаруды толықтай тексеруге кедергі болғанын атап өтті. Өз кезегінде, Гутьеррес-Рид фильмге арналған қару-жарақ пен оқ-дәрілердің негізгі жеткізушісі Сет Кенниді оқ-дәрілер мен муляждарды аралас етіп жеткізді деп айыптап отыр.

 

Оқиға 2021 жылдың 21 қазанында Санта-Фе (Нью-Мексико) шетінде вестерн түсіру кезінде орын алды. Түсірілім алаңында фильмнің режиссері Джоэл Соуса да жарақат алған.

 

Полиция оқиға орнынан тағы бес тірі оқ-дәрі тапты, бірақ тергеу олардың түсірілім алаңына қайдан келгенін анықтаған жоқ. Жауап алу кезінде түсіру тобының мүшелері қайғылы оқиға алдындағы түні қызметкерлердің көпшілігі баспанаға және басқа да мәселелерге шағымданып, жұмыстан шығып кеткенін айтты.

 

Бұл оқиғадан кейін түсірілім алаңдарындағы қауіпсіздік және қару үшін жауапкершілік мәселесі қайта көтерілді.

 

Осыған дейін Алек Болдуин кино түсіріліп жатқанда абайсызда операторды өлтіріп, режиссерді жарақаттағаны хабарлаған болатын.