Билл Гейтс ресми сапармен Пәкістанға барды

18 ақпан 2022, 23:38

Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс полиомиелитке қарсы күрес мәселесін талқылау үшін Пәкістанға ресми сапармен барды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, кәсіпкер Пәкістан премьер-министрі Имран Ханмен кездесіп, алдағы жылдары инфекция жойылуы мүмкін екенін айтты.

"Әлі біткен жоқпыз, бірақ бұрынғыдан жақсырақ жағдайға жеттік", - деді Гейтс.

Пәкістан көрші Ауғанстанмен полиомиелит ауруы жалғасып жатқан екі елдің бірі екені айтылды.

Гейтс пен Пәкістан премьер-министрінің денсаулық сақтау жөніндегі арнайы көмекшісі Фейсал Сұлтан екі көрші елдің полиомиелит ауруын жою әрекеттері бір-бірімен байланысты екенін айтты. Олардың пікірінше, алдағы бірнеше жылда ауруды жоюға нақты мүмкіндік бар.

"Менің ойымша, Пәкістанда 2022 жылы қабылданған қадамдар полиомиелиттің жойылуын аяқтауға мүмкіндік береді. Дегенмен, Ауғанстанға қатысты нақты сенімділік жоқ: ондағы жағдай күрделірек", - деді Гейтс.
Сұлтанның айтуынша, Пәкістан Талибан (Қазақстанда тыйым салынған қозғалыс) әкімшілігінің денсаулық сақтау органдарымен ынтымақтасады.

"Біз сәйкестікті қамтамасыз ету үшін тұрақты келіссөздер жүргізіп жатырмыз, өйткені екі ел бір-бірімен жақын және тығыз байланысты", - деді ол.
Гейтс қорының мәліметі бойынша, Пәкістанда бір жылдан астам уақыт бойы бірде-бір бала жабайы полиомиелиттен сал ауруына ұшырамаған. Бірақ вирус желтоқсанда Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы ағынды сулардың үлгілерінен анықталған.

Сонымен қатар, 2021 жылы Ауғанстанда жабайы полиомиелиттің төрт, ал биыл бір жағдайы тіркелген.