Британияда мысықтардың өзі қазақстандықтардан артық табыс табады

23 шілде 2022, 21:55

Әлемнің кейбір елдерінде мысықтардың өзі қатардағы Қазақстан азаматтарынан артық табыс тауып, ел экономикасының гүлденуіне қомақты үлес қосуда, деп хабарлайды Экспресс К.

Мысалы, Британ парламентінде 1920-жылдан бері тек мысықтар атқаратын Chief Mouser to the Cabinet Office атты қызмет бар. Қазақша аударғанда Министрлер кабинетінің тышқан аулаушысы деп аталатын мәртебеге ие болған үй жануарына ай сайын жалақы төленіп, Британ премьер-министрінің резиденциясы орналасқан Даунинг-стрит 10 ғимаратынан қызметтік пәтер бөлінеді.
Тарихи деректерге жүгінсек, мысықтар ежелден ағылшын лордтарының қызметінде болса да, оларға ресми жалақы тек 1932-жылдан төленіп келеді. Ай сайын Министрлер кабинетінің тышқан аулаушысының есебіне 100 фунт стерлинг аударылады. Бұл отандық валютаға шаққанда 57 мың теңгенің көлеміндегі сома. Яғни, британ парламентіндегі мысықтар қазақстандықтардан артық табыс табады деген сөз.
Парламенттегі мысықтардың қызмет мерзімі депутаттар секілді шектеулі емес. Үкімет ғимаратын кеміргіштерден қорғайтын жануарлар қартайып зейнетке шыққанға дейін немесе бақилық болғанға дейін өз міндеттерін атқара береді. Мысықтардың жұмысының ауырлығына алаңдаған британдықтар жергілікті баспасөздерде олардың жалақысын көтеру туралы мәселе көтергенімен, қазірге Үкімет мүшелері олардың назына құлақ асар емес.


Ең танымал тышқан аулаушылар

Екінші дүниежүзілік соғыс қызып тұрған шақта парламентке қызметке келген Питэр есімді марғау бес премьер-министрдің Үкімет басқарып, Британия империясының ыдырағанына куә болады. Соғыс кезінде Борнмутқа қоныс аударуға мәжбүр болған парламент қызметкерлері мен Британ ішкі істер министрлігі өздерімен бірге Питэрді де ала кетіп, оның күтімі үшін арнайы қаржы бөлдіргені тарихи жазбалардан белгілі. Питэр туған еліне 17 жыл адал қызмет еткен.

 © pressReader

Питэрден кейінгі Парламентте ұзақ отырған екінші мәртебелі тышқан аулаушының есімі — Хамфри. Ол 1989 — 1997 жылдар аралығы Маргарет Тэтчер, Джон Мэйджор және Тони Блэрдің кабинетінде жұмыс істеген. Британдық басылымдар Хамфридің өз міндетін адал орындағанынан бөлек, үкімет ғимараты орналасқан парктегі құстарға шабуыл жасағанын жазады. Хамфридің аңшылыққа әуестеніп кеткені сол, тіпті Премьер-министрдің өзіне мысықты қарақшылығы үшін айыптаған қоғам белсенділерінің алдында ақтап алуына тура келген. Кейінірек Хамфридің кісі қолынан қаза тапқаны туралы қауесеттер пайда болады. Бірақ шын мәнінде Хамфри аман-есен зейнет демалысына шығып, өзіне арнайы бөлінген мекенжайға қоныс аударған.

 

Британиядағы Басты тышқан аулаушы мәртебесіне ресми тұрғыда ие болған алғашқы мысықтың есімі — Ларри. Ол 2011-жылдан бүгінге дейін парламенттегі қызметінде. Даунинг-стриттің ресми веб-сайтында оның міндеттері туралы егжей-тегжейлі жазылған. Аталмыш құжатқа сәйкес, Ларри "қонақтарды қарсы алып, үйдегі жиһаздарының амандығы мен қолдануға ыңғайлығын үнемі бақылауында ұстауға тиіс".

 


Әр жылдары Ларридің қабылдауында Барак Обама, Дональд Трамп секілді саясаткерлер болған. Жергілікті басылымдар мысықтың жалқаулығын үнемі сынайды. Тіпті 2011 жылы кеңсесінде тышқанның қаптап кеткенін байқаған премьер-министр Дэвид Кэмерон Ларриді қызметінен босату туралы ойлаған деседі.


Эрмитаждың жұлдыздары

Ресейдің атақты Эрмитажында да мысықтарға құрмет өзгеше. Мұражайдың есігі айқара ашылған алғашқы жылдардан бүгінге дейін мысықтар тарихи жәдігерлер мен ғимараттың өзін кеміргіштерден қорғап келеді.

 


Эрмитаж әкімшілігі қарауындағы он шақты мысықтың әрқайсына арнайы құжат дайындап, жатын орын бөлген. Мұражай аумағында мысықтардың жүретіні арнайы ескерткіш тақталарда жазылған. 2005-жылдан бері Ресейде "Эрмитаж мысықтарының күні" аталып өтіледі. Аталған мереке кезінде мұражайға келген қонақтарға жергілікті мысықтардың тыныс-тіршілігі туралы мәлімет беріліп, олар мекендейтін орындар көрсетіледі.
Тама әмірші
Жапонияда жергілікті теміржол бекеттерінің бірінде күнелткен Тама есімді мысық туралы аңызды бәрі біледі . 2007-жылы 5-қаңтарда өзі мекендеген стансаның басшысы мәртебесіне ие болған жануар келген қонақтарды қарсы алуға тиіс болатын. Тама өз жұмысы үшін жалақы алмаса да, теміржол бекетінің әкімшілігі оның күтіміне жауапты болды. Басшы болғандықтан Тамаға арнайы киім тіктіріліп, мойнына ілінген тұмарға оның аты-жөні мен мәртебесі жазылатын.

 Тама теміржол бекеті туралы жарнамаға түсіп, стансаның танымалдығының артуына себеп болды. Арнайы зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, Тама түскен жарнама арқылы жергілікті бюджетке 1,1 миллиард иен түскен. Ал 2008-жылы жергілікті губернатор Тамаға сардар мәртебесін беріп, оның жергілікті туризмді дамытудағы еңбегін ерекше атап өтеді. Сонымен қатар, теміржол бекетінің ғимараты мысықтың сұлбасына ұқсатып қайта тұрғызылып, жаңа пойыздардың біріне Таманың есімі берілді. 2015-жылы Тама өмірден өткеннен кейін жергілікті тұрғындары оны қала маңындағы мысықтарға арналған зиратқа арулап көміп, әр жыл сайын оның ізбасарлары Нитаму мен Йонтамуды Таманың басына алып барып, әміршінің рухына тағзым етеді. Ал компания президенті әміршінің атынан Жаратқанға сый арнайды.