Бішкекте бірнеше жарылыс болды (фото, видео)

08 қараша 2019, 16:29

8 қараша күні Бішкекте бірнеше жарылыс орын алды. Алдын ала ақпарат бойынша, төтенше жағдайға қаладағы кафелердің бірінен шыққан өрт себепкер болған. Бұл туралы 24.kg сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Басылым хабарлауынша, жарылыс Эркиндик бульвары мен Чуй даңғылы қиылысындағы "Антошка" кафесінде болған. Қазіргі уақытта оқиға орнында өрт сөндірушілер мен ТЖМ қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

ТЖМ баспасөз қызметі оқиға туралы қоңырау жергілікті уақыт бойынша сағат 13:42- де келіп түскенін хабарлады.

Фото: Sputnik / Нурис Алымбаев

Sputnik Қырғызстанның мәліметінше, қазір өрт орнында түтін көп, ғимарат толық отқа оранған.

Алғашқы жарылыс шамамен 13:38-де болған. Одан кейін тағы екі рет жарылыс даусы естілген. ТЖ орнына тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері де келіп жеткен.

Әзірге өрт салдарынан 10-12 адам зардап шекті деп хабарлануда. Жарақат алғандардың ішінде балалар да бар. Біреулер жедел жәрдеммен, екіншілер өз көлігімен ауруханаға кетіп жатқандықтан, оқиғадан қанша адамның зардап шеккені әзірге нақты белгісіз.

Фото: Sputnik / Нурис Алымбаев

Дәрігерлердің ақпарынша, келіп түскендердің көп бөлігін күйік шалған, сонымен қатар миы шайқалған.

Ал куәгерлер өрт алдымен жеңіл тамақтану нүктесін шарпып, кейін көрші кафеге ауысқанын айтады.

"Қорқынышты-қорқынышты", - дейді олардың бірі.
Болжам бойынша, газ баллоны жарылған болуы мүмкін.