COVID-19: Бейжіңде мектеп пен балабақша онлайнға ауысты

12 мамыр 2022, 11:02

  Қытай астанасында коронавирус індеті басылған жоқ. Үш аптада 800-ден астам адам ковид жұқтырған. Бейжіңнің бір ауданы толық оқшауланған, адамдарға сыртқа шықпауға кеңес берілді. Шаһарда ойын-сауық орындары мен кинотеатрлар жабық, мейрамханалар тек тапсырыспен жұмыс істейді, мектептер мен балабақшалар онлайнға ауысты. ПТР сынақтан өту Қытай астанасының көптеген тұрғындары үшін күнделікті әдетке айналды. Сәуір айының соңынан бастап Бейжіңнің кей аудандарында кем дегенде 10 мәрте жаппай тестілеу жүргізілді. 

Ли Ан, Денсаулық сақтау комитеті басшысының орынбасары:

– Біз ПТР скринингтің көптеген кезеңдерін өткіздік. Жұрттың шаршағанын түсінеміз. Қала тұрғындарының басым бөлігі індетке қарсы шараларды саналы түрде сақтап, өзара қолдау көрсетті. Бұл үшін алғыс айтамыз. Болашақта ПТР тестке қатысуға түсіністікпен қарайды деп үміттенеміз.

Шаһарда мектептер мен балабақшалар онлайн жұмыс істеп жатыр. Барлық ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, фитнес орталықтары мен саябақтар жабық. Індеттің өршуіне байланысты қалада көліктер айтарлықтай азайып, сауда орталықтарында адам саны сиреген. Тек супермаркеттер мен сыртқа тамақ сататын мейрамханалар жұмыс істеп жатыр. Шектеу шараларына байланысты кәсіпорындар шығынға батқан.