ЕО Ресейге қарсы жаңа санкциялар тізімін жариялады

04 мамыр 2022, 18:17

Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялардың алтыншы тізімін ұсынды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Бұл ауқымды шектеулер біртіндеп мұнай эмбаргосын енгізу, «Сбербанкпен» қоса үш банкті СУИФТ банкаралық төлемдер жүйесінен ажырату және Еуроодақ аумағында ресейлік мемлекеттік 3 телеарна хабарларын таратуға тыйым салуды қарастырып отыр.

 

Сондай-ақ Ресей әскери қолбасшыларымен санкциялық тізімге жаңа тұлғалар қосылады.

 

Дегенмен Еурокомиссия Венгрия және Словакияға осы жылдың аяғына дейін ресейлік мұнайды сатып алуға рұқсат берді. Бұл елдер ресейлік шикізатқа тым тәуелді болғандықтан, оларға қосымша уақыт қажет.

 

Санкциялардың жаңа тізімін қабылдау үшін Одаққа мүше барлық 27 елдің қолдауы қажет. Ол осы аптаның аяғында қабылданатын түрі бар.

 

Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия төрағасы:

 

– Еуропаға жеткізілетін бүкіл ресейлік мұнайға эмбарго енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл теңізбен немесе құбырмен тасымалданатын ресейлік мұнайдың импортына толық тыйым болмақ. Біз және серіктестеріміз өзге жеткізушілерді тауып, біртіндеп ресейлік мұнайдан бас тартамыз. Сондықтан алты айда ресейлік мұнайды, ал осы жылдың аяғына дейін мұнай өнімдерін сатып алуды доғарамыз.