Индонезияда сот арқылы бұрынғы күйеуінен өтемақы талап еткен әйел 890 келі ақшаға ие болды. Бұл туралы NUR.KZ порталы glavnoe.ua сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Келіншек сотта бұрынғы күйеуі Дви Сусилартодан 178 миллион индонезиялық рупий (шамамен он мың еуро) өтемақы талап етіпті.
Алайда жұбайы бұл талапты орындаудың оғаш жолын ойлап тапқан.
Ол аталмыш соманы сары бақыр тиындармен қайтаруды ұйғарады. Нәтижесінде аталған сома 890 келі салмаққа жетеді.
Ол сотқа өтемақыны жүк көлігіне тиеген күйі алып келген. 13 қап болған қаражаттың әр қабы 70 келіге барыпты.
Дви бұрынғы әйелі Хети Сетиоватимен тоғыз жыл бірге тұрған. Екі баласын бағып-қағу үшін өтемақы талап еткен бұрынғы әйелі ақша тиынмен берілгеніне қарамастан, өтемақыдан бас тартпады.