Еуропада газ бағасы шарықтады

07 наурыз 2022, 18:55

Еуропада газ фьючерстерінің бағасы 2500 доллардан асып, бұл тарихтағы ең жоғары көрсеткіш
Лондон ICE биржасының мәліметінше, Еуропадағы газ фьючерстері өзінің тарихи максимумын жаңартып, мың текше метр үшін 2500 доллар шегіне жетті.
Еуропалық газ нарығы бірнеше айдан бері тұрақсыздық танытып отыр. Былтыр көктемде баға мың текше метр газ үшін 250-300 доллар деңгейінде болса, тамыздың соңына қарай 600 долларға дейін көтерілді.
Ал қазанда алғаш рет мыңнан, желтоқсанда екі мыңнан асты. Содан кейін біршама төмендегенмен, баға бәрібір жоғары мәнде сақталды. Бұл Еуропада газ хабтары жұмыс істегелі болмаған жағдай.
Сарапшылар мұны еуропалық жерасты қоймалардың толтырылу деңгейінің төмендігімен байланыстырды. Сондай-ақ , ірі жабдықтаушылар тарапынан ұсыныс шектеулі деп отыр. Азиядағы сұйытылған табиғи газға сұраныстың жоғары болуы да басты себептердің бірі, деп хабарлайды РИА Новости.
Ақпанның басында фьючерстер 800-1030 доллар аралығында ауытқып тұрды. Бірақ кейіннен Ресей президенті Владимир Путин 21 ақпанда Донецк және Луганск халық республикаларының егемендігін мойындау туралы жарлыққа қол қойғаннан кейін және 24 ақпанда Ресей Украинада арнайы әскери операция бастағаннан кейін баға қайтадан күрт көтерілді.