Еврейлер конгресі Холокост туралы айтқан сөзі үшін Лавровтан кешірім сұрауды талап етті

19 қаңтар 2023, 18:23

Еуропалық еврейлер конгресі Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтан Холокост туралы мәлімдемесі үшін кешірім сұрауды талап етті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Azattyq Ruhy.kz-ке сілтеме жасап.

EJC (The European Jewish Congress) мәлімдемесі ұйымның ресми сайтында жарияланған.

 

«Біз Сергей Лавровтың Батыс елдерінің Украинаға көрсетіп жатқан қолдауын Гитлердің Шоа (Холокост – авт.) кезінде 6 миллион еврейдің қырылуына әкеп соққан «Түпкілікті шешіммен» салыстырғанына жағамызды ұстап, қатты қорландық», - делінген хабарламада.

 

EJC президенті Ариэль Музикант Конгрестің осы жайтқа қатысты алңдаушылық танытатынын атап өтті.

 

«Бұл Холокостың ең қарабайыр деңгейде бұрмалануы болды, сондықтан біз Лавров мырзаны кешірім сұрауға және айтқан пікірін қайтарып алуға шақырамыз. Министрдің Холокост пен Гитлерге сілтеме жасап отырғаны бірінші рет емес. Мұны доғару керек. Холокост құрбандары ешқашан осыншалықты қорқынышты түрде пайдаланылмауы тиіс», - деді ол.

 

Ариэль Музикант (фото: EJC)

 

Айта кетсек, Сергей Лавров ресейлік дипломатияның 2022 жылғы қызметінің нәтижелеріне арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеме жасап, орыстарды еврейлермен, ал батысты Адольф Гитлермен салыстырған болатын.

 

«Наполеон бүкіл Еуропаны Ресей империясына қарсы жұмылдырғандай, Гитлер Еуропа елдерінің көпшілігін КСРО-ға қарсы шығарған еді. Енді АҚШ түгелге жуық еуропалықтан коалиция ұйымдастырып, Украина арқылы біздің елімізбен дәл сондай мақсатпен – «Ресей мәселесін» түпкілікті шешу үшін соғысып жатыр. Гитлер де «еврейлер мәселесін» дәл осылай түпкілікті шешкісі келген болатын», - деді Лавров.