Таяу Шығыста тағы да дүрбелең туып, онсызда қажыған елді үрей биледі. Израиль әскерилері Газа секторына тыңшыларын аттандырып, қақтығыс болған.
Мұның соңынан ХАМАС қарулы топтары Израиль аумағына зымыран атқылап, Тель-Авив Палестина өңірінде әскери операция жүргізді. Қарулы қақтығыстан ондаған адам жарақат алған. Сөйтіп ел жұрт енді ғана ес жиып, көңілі орныға бастаған Таяу Шығыста шиеленіс қайта өршіді.
Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына Изариль арнайы тобының Газа секторында құпия операция жүргізуі себеп.
Ақпаратқа қарағанда дүйсенбіге қараған түні израиль жасағы сектор аумағына өтіп, ХАМАС қозғалысының бір жетекшісін ұрламақ болған. Бірақ қақтығыс туындап, 1 израиль сарбазы мен 7 палестиналық опат болды. Осыдан кейін ХАМАС Тель-Авивтің мұндай әреккетіне жауап ретінде Израиль аумағын зымыранмен атқылайды. Салдарынан 50-ге жуық тұрғын жарақат алып, 1 адам көз жұмды.
Алекси Буса, Израиль тұрғыны:
- Зымрандармен шабуыл басталмас бұрын дабыл қағылды. Сәлден соң бомбалар түсіп, айнала ию-қию болып кетті. Олардың біреуі көрші үйге түскенін өз көзіммен көрдім.
Эммануэль Нахшон, Израиль Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Израильдің оңтүстігі шабуылға ұшырап жатыр. Соңғы 24 сағаттың ішінде бұл өңірге 400-ден астам зымыран түсті. ХАМАС бейбіт халықты әдейі насанаға алып отыр. Біз мұндайға төзіп отыра алмаймыз.
ХАМАС-тың осы шабуылынан кейін Израиль Тарапы Газа секторын әуеден атқылап, аталған қозғалыстың 70-тен астам әскери нысанына соққы берді. Әскери операциядан 2 палестиналық қаза тауып, ондаған адам жарақат алды. ХАМАС-та Израильдің бұл шабуылын жауапсыз қалдырмайтынын жеткізді.
Мазен Тарбан, Израиль тұрғыны:
- Аймақтағы қақтығыстан жүздеген адам баспаналарын тастап, қашып шықты. Мен 2014-ші жылғы соғыс кезінде Шеджаяға көшіп келіп едім, енді міне тағы атыс. Біз қай жерге барып бас сауғалауымыз керек. Абелькарим Абу Лабан,
Газа секторының тұрғыны:
- Израиль кенеттен шабуылға шықты. Әуе соққылары ұшақтар мен дрон арқылы жасалды. Осы маңдағы тұрғындардың көбі өрт пен түтіннен естерін жия алмай қалды. Халықаралық қауымдастық Газа секторында болып жатқан жағдайға неге назар аудармайды.
Таяу Шығыстағы жағдайдың ұшығуына байланысты БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш тараптарды ұстамдылық танытуға шақырды. Жағдайдың бұдан әрі қалай болатыны белгісіз. Себебі, Израиль төтенше жағдай тәртібін енгізіп, қоосымша күштерін Газа секторына жақын шоғырландырды. ХАМАС-та соғысқа барынша дайын отыр.