Жанармай мен газ бағасының көтерілуіне байланысты наразылық білдіруде

18 сәуір 2022, 08:12

Үндістан астанасы Делиде бензин мен сұйытылған газ бағасының өсуі көлік жүргізушілерін ереуілге шығуға мәжбүрлеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат hindustantimes.com сайтына сілтеме жасап.

Агенттіктің хабарлауынша, бірнеше көлік, такси және фургон жүргізушілері кәсіподағы жол жүру ақысын көтеру мен жанар жағармай, газ бағаларын төмендетуді талап етіп, дүйсенбіде ереуілге шығуға шешім қабылдады. Бұл Дели маңында қатынайтын жолаушылар пойыздарының жүруіне кедергі келтіруі мүмкін.

Кәсіподақтар Дели үкіметінің тарифтерді қайта қарастыру жөніндегі комиссия құру туралы мәлімдемесіне қарамастан, ереуілді тоқтатудан бас тартты.

Автокөлік кәсіподақтарының көбісі біркүндік ереуілге шығатынын мәлімдесе, Делидегі «Sarvodaya» жүргізушілер қауымдастығы дүйсенбіден бастап мерзімсіз ереуілге шығатынын хабарлады.

Еске сала кетейік, жақында Дели хатшылығының алдында жиналған жүздеген көлік, такси жүргізушілері жанармай мен газ бағасын субсидиялауды талап етіп, наразылық шеруін өткізді.

Бүгінде Делиде 90 мыңнан астам автокөлік және 80 мыңнан астам такси тіркелген.