Жаназада мал союға тыйым салынады

24 ақпан 2022, 19:22

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ел азаматтарына жаназада мал союға тыйым салатын жарлыққа қол қойды. Бұл туралы ел басшысы Facebook-парақшасында жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

 

"Бүгін жарлық шығаруды ұйғардым, оған сәйкес еліміздің барлық азаматына мүмкіндігі бар-жоғына қарамастан жаназада мал союға тыйым салынады.

 

Бұрыннан белгілі, өлім шыққан үйде той болып жатқандай сезіледі. Қолында жоқтар бір сиыр, қолында барлар бес бас мал соятын жағдайлар әлі бар. Соның салдарынан қолында жоқ жанұялар (құр намысқа тырысып) өзінде ештеңе қалмай, жалғыз сиырын сойып, жақындарын ақтық сапарға шығарып салуы жиі кездеседі", - деп жазды Қырғызстан президенті.

 

Ол кім екеніне қарамастан, бәрін ережелерді сақтауға шақырды.

 

"Әйтпесе, адам өлген үйде жоқтау айтудың орнына қазан-қазан ет қайнатып, табақ-табақ ет тартылып, тойдағыдай көріністер болып жатады", - дейді Президент.

 

Сондай-ақ, ол бұл жарлыққа қарсы шыққандар да болғанын айтты.

 

"Кейбіреулер: "Мәселен, 90 жасқа келген әкесін ақтық сапарға шығарғанда, неге жылқы соя алмайды?" - дейді. Бірақ мұндай азаматтар аз деп есептеймін. Азшылық көпшілікке бағынуы керек.

 

Мен өз тәжірибемнен мысал келтірейін. 2019 жылы үлкен ұлым Дастан қайтыс болғанда ауылдағы туыстарым телефон соғып: "Дайындаған үш бас малымыз жете ме" деп сұрады. Тіпті тауықты да соймау керек деп, мал бауыздауға рұқсат бермедім. Олар мені "алыстан көп адам келеді, оларды аш жібереміз бе? Арты әңгіме болады" деп ойымнан айнытқысы келді.

 

Оларға: "Егер олар бұны сөксе, мен туралы айтады. Бірақ мен той (мереке) өткізбеймін, мен қайғырып отырмын" - деп жауап бердім. Нәтижесінде, жерлеуге он мыңға жуық адам қатысты. Бірақ ешкім ештеңе айтпады. Керісінше, көпшілік бұны құптайды", - дейді Садыр Жапаров.

 

Қырғыз президенті осылайша өз мысалын келтіре отырып, барша қырғызстандықтардан осы жарлықты қолдауды сұрады.

 

"Бай-кедей деп бөлмей, бәріміз бір ережені ұстанайық. Осы жарлықтың орындалуын бақылауды барлық жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, соның ішінде Министрлер кабинетіне тапсырамын.

Жергілікті билік мектеп директорларынан бастап, барлық учаскелік полицейлер, ауыл әкімдері, аудан мекеме басшылары, аудан әкімдері, президент өкілдеріне дейін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бұл мәселені қатаң бақылауға алуын талап етемін. Осы жарлықтың орындалуына әркім жауапты болатынын ескертемін", - деді ол.