Жапонияда коронавирус жұққанда жарқырайтын маска жасалды

10 желтоқсан 2021, 15:11

Киото префектура университетінің ғалымдары коронавирус жұққанда ультракүлгін сәулеге жарқырайтын арнайы маскаларды ойлап тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Japan Times басылымына сілтеме жасап.

Ғалымдардың айтуынша, түйеқұстар ағзадағы бөгде заттарды бейтараптандыратын бірнеше түрлі антидене шығаруға қабілетті екені анықталған. Сондықтан ғалымдар былтыр ақпанда құсқа коронавирустың белсенді емес және қауіпсіз түрін енгізіп, түйеқұс жұмыртқаларынан антиденелер алған. Содан кейін антиденелер флуоресцентті бояғышқа қосылып, маска сүзгісіне өңделген. Егер маскаға вирус түссе, ол жарқырайды.

"Біз түйеқұс антиденелерін арзан бағаға алып, жаппай маска шығара аламыз. Болашақта барлық адам қолдана алатын қарапайым сынақ жиынтығын жасағым келеді", - деді университет президенті Ясухиро Цукамото.

Цукамото осы маска көмегімен өзі COVID-19 жұқтырғанын анықтаған. Тестілеу кезінде оның қорғаныс маскасы ультракүлгін сәуледе жарқыраған екен, содан кейін ол ПТР-сынамасын тапсырған. Тест вирус жұқтырғанын растаған.

Tengrinews.kz