Қашқындағы Бергейдің баласы басшылыққа тағайындалды

21 мамыр 2021, 21:34

Атырау облысының бұрынғы әкімі  Бергей Рысқалиевтің ұлы Аслан Рысқали жақында Лондонда орналасқан Kennington Green Management limited компаниясының директоры болып тағайындалды. Компания бизнес және басқару саласындағы кеңес беру, менеджмент саласында кеңес беру қызметін көрсетеді. 31 жастағы Аслан Рысқалиді директор етіп тағайындау туралы бұйрық 8 мамыр күні шыққан.

Аслан Рысқалиді тағайындау туралы мәлімдемеде оның Ұлыбритания азаматы, ал мамандығы ғимараттарды салушы деп көрсетілген.

Kennington Green Management limited компаниясы 2001 жылдан бері жұмыс істейді. Аслан Рысқалиден басқа компанияның тағы төрт директоры бар. Компания құжаттарына қарағанда, Kennington Green Management limited-ке төрт адам иелік етеді, директорлардың акционерлерге қатысы жоқ.

Лондонның ортасында орналасақан Kennington Green Management limited тек әкімшілік және ғимаратты ұстауға жылына 31 мың фунт стерлинг (44 мың доллар) жұмсайды.

Malim.kz бұған дейін Аслан Рысқалидің Ұлыбитанияда бірнеше компаниясы бар екенін жазған.  Атап айтқанда, 2020 жылы құрылған Native Plot limited компаниясына Аслан Рысқали қарындасы Әсел Рысқалимен бірге иелік етеді. Құжаттарда компания "басқа еш жерде классификацияланбаған қызмет көрсетеді" делінген.

Аслан Рысқалидің тағы бір компаниясы – MBIL Developments Limited 2021 жылдың 11 қаңтарында тіркелген. Ашық дерек көздегі мәліметке қарағанда, бұл девелоперлік саладағы компания. MBIL Developments Limited құрылыс жобаларын дамытады. Девелоперлік команиялар құрылыс нысандарын жөндеу, реконструкциялау, құрылыс идеяларын іске асыру, нысандардың нарықтағы бағасын өсіру тәрізді қызмет көрсетеді.

Ал Рысқалиге тиесілі үшінші компания – MBIL UK limited 2020 жылдың 21 желтоқсанында тіркелген. Ашық деректерге қарағанда, компания "классификацияларда аталмаған басқа қызмет" көрсетеді. 

Осылайша Бергей Рысқалиевтің ұлы өз бизнесін жүргізуден бөлек басқа компанияға жұмысқа орналасты.

Бұған дейін Ras Aitamyn Telegram-арнасы Аслан Рысқалидің Ұлыбританиядағы өмірі, сүйікті қызы болған танымал блогермен әлем елдерін аралаған саяхаттары мен компаниясы туралы мәліметті жариялаған болатын. Бір кездері әлеуметтік желіде өте белсенді болған, Youtube-те влогтар жариялап жүрген Аслан Рысқали бір жарым жылдан бері әлеуметтік желіден қол үзген.

2020 жылдың маусым айында Қазақстанның жоғарғы соты Бергей Рысқалиев пен оның жақындарына тәркіленген дүние-мүліктің бір бөлігін қайтарып берген. Рысқалиев пен оның жақындарына дүние-мүлікті қайтару туралы кассациялық шағымды жоғарғы сотқа бас прокуратура түсірген болатын.

Ratel.kz басылымы бас прокуратура Бергей Рысқалиевке төрт ЖШС-дағы үлесін, Нұр-Сұлтан, Атырау және Ақтөбедегі үш жер учаскесін, Атыраудағы үйді, сондай-ақ, Алматыдағы жерасты гараждарын қайтаруды және Андорра князьдігіндегі 13 миллион 602 мың АҚШ доллар сомасындағы банк шоттарына салынған тыйымды жоюды сұраған.

Ал Аманжан Рысқалиевке Атыраудағы жер учаскелері мен Ақтөбедегі үйлерді, сонымен қатар, екі ЖШС-дегі үлесін, Бергей Рысқалиевтың әйеліне  Атыраудағы бірнеше тұрғын емес үй-жайды, сонымен қатар бірнеше ЖШС-нің жарғылық капиталындағы үлестің жартысын, Аманжан Рысқалиевтің әйеліне  Атырау қаласының орталығындағы 2 пәтер мен жер учаскелерін қайтаруды сұраған.

Жоғарғы сот бас прокуратураның шағымы бойынша оң шешім шығарғанымен, бұл туралы ресми мәлімдеме жасамады.

Атырау облысының экс-әкіміне 2013 жылы  "аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды және және қылмыстық топ құрды" деген айып тағылған. Тергеу бес жыл жүрді. 2019 жылы Қазақстан соты Бергей Рысқалиевті 17 жылға, оның ағасы Арманжан Рысқалиевті 16 жылға сырттай соттап, дүние-мүліктерін тәркілеген.