Қуаңшылық әлем елдерін тығырыққа тіреді

15 мамыр 2022, 21:47

Жаһан жұртына қауіп төндіріп отырған тағы бір мәселеге тоқталайын. Әлем елдерін қуаңшылық тығырыққа тірейтін түрі бар, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Ауа температурасының өзгеруі, жаһандық жылынудың әсерінен өлім көрсеткіші артып, ашаршылық белең алуда.

 

Дүниежүзілік банк мамандарының болжамына сәйкес 2050 жылға қарай әлем бойынша 216 миллион адам қоныс аударуға мәжбүр болады. Жер бетінің шөлейттенуі тек Африка құрлығында емес, жаһанның өзге де өңірлерінде айқын байқала бастады.

 

Бүгінде құрғақшылық мәселесі климаты ыстық елдерде ғана емес, ел экономикасы ауылшаруашылығымен тікелей байланысты өңірлерде де өзекті болып отыр.

 

БҰҰ-ның мәліметі бойынша 1998 жылдан 2017 жылға дейінгі мерзімде жер бетінің шөлейттенуінен әлем экономикасы 124 млрд АҚШ доллар шығынға батты.

 

Ал, Дүниежүзілік банктің  болжамына сай жыл сайын қуаңшылық салдарынан миграциялық дағдарыс күшейе түседі.

 

Бэррон Орр, БҰҰ өкілі:

 

 – Дүниежүзілік Банк мамандарының болжамынша құрғақшылықтан 2050 жылға қарай әлем бойынша 216 миллион адам қоныс аударуға мәжбүр болады. Қазірдің өзінде Кения, Эфиопия, Джибути мен Сомалиде  соңғы онжылдықта   рекордтық аптап орнады. Егістік алқаптарын шегіртке басты. Әлемнің өзге өңірлерінде орман өрті жиілеп кетті. Қазірден бастап шұғыл шешім қабылдау керек.

 

Азық-түлік тапшылығы мен ашаршылыққа қуаңшылықтан бөлек Украинадағы қарулы-қақтығыс та жығылғанға жұдырық болды. Мәселен импортталатын тыңайтқыш құны  40 процентке қымбаттап, жанар-жағармайдың бағасы күрт аспандап кеткен. Бұл егіс алқаптарына кері әсерін тигізді.

 

Қазір, әсіресе, Африка, Таяу Шығыс пен Орта Азия елдеріндегі ахуал мәз емес.

 

Фавзия Салах Мохамуд, фермер:

 

– Көптеген шаруалар қуаңшылықтан қатты зардап шекті. Фермаларды суартатын құдық құрғап тұр. Егіс алқаптарында жабайы жануарлар қаптап кетті. Жиналған өнімнен түскен кіріс 80%-ке дейін қысқарды.  Салдарынан азық-түліктің бағасы күн өткен сайын өсіп барады.

 

Донал Браун, халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қорының өкілі:

 

– Фермерлер қолданатын тыңайтқыштың бағасы соңғы екі айда екі есеге қымбаттады. Әрине бұған шаруалардың шамасы жетпейді. Суару мәселесі де өзекті. Дағдарысты еңсеру үшін бұл салаға шұғыл субсидия бөлу керек.

 

БҰҰ мәліметі бойынша, бүгінде табиғат апаттарының ішінде су тасқыны мен қуаңшылық ең жиі кездесетін құбылыс. Аптап ыстықтан Африка елдерінен бөлек Австралия, АҚШ сияқты өзге де ауқатты елдер айтарлықтай зардап шегуде. Мәселен соңғы жылдары әлемнің түкпір – түкпірінде  орман өрті жиі тіркеле бастады.

 

Мамандардың болжауынша алдағы жылдары климаттың өзгеруінен зардап шеккен елдердің қатары 129-ға жетеді.