Қырғызстан 16 жылдан бері бірінші рет жүкті әйелдерге берілетін жәрдемақыны өсірмек

24 желтоқсан 2022, 15:15

 Қырғызстан 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап жүктілік пен босануға берілетін жәрдемақы мөлшерін көбейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кабар агенттігіне сілтеме жасап.

Аталған заң жобасын Еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон министрлігі қоғамдық талқылауға шығарды.

Негіздеме анықтамасына сәйкес, 11-ші жұмыс күнінен бастап жүктілік және босану бойынша жәрдемақы мөлшерін есептеу үшін қолданылатын есептік көрсеткіш 2006 жылы 10 есептік көрсеткіш (1000 сом) мөлшерінде белгіленді, ол 16 жыл бойы өспеген.

Бүгінгі таңда жүктілік және бала тууына байланысты берілетін жәрдемақының орташа мөлшері еңбекке қабілетті халықтың ең төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес келмейді, ол 2022 жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша 8100 сомды құрайды.

Жоба жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, тауарлар мен қызметтер бағасының қарқынды өсуін ескере келе, әйелдерді әлеуметтік қолдау мақсатында 2023 жылғы 1 сәуірден кейін 11 жұмыс күнінен бастап айына 10-нан 20 есептік көрсеткішке дейін жүктілік және босану бойынша жәрдемақы мөлшерін арттыруды көздейді.

Осы жобамен қатар он бірінші жұмыс күнінен бастап еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы көлемін айына 50-ден 100 есептік көрсеткішке дейін арттыру жоспарланып отыр.

Айта кетерлігі, жүктілік және босануы бойынша жәрдемақы тағайындау тәртібі туралы ережеге сәйкес, қызметкер науқастанған жағдайда еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы толығымен жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен төленеді. Бұл ретте алғашқы он жұмыс күні үшін еңбекке уақытша жарамсыздық жәрдемақысы орташа айлық жалақы мөлшерінде, ал он бірінші жұмыс күнінен бастап айына 50 есептік көрсеткіш (5000 сом) мөлшерінде төленеді.

COVID-19 пандемиясы кезінде дәрі-дәрмектің бағасы өсіп, ұзақ уақыт бойы ауырып, табыссыз қалған қызметкерлер айына 5000 сом жәрдемақымен қиын жағдайға тап болды.

Осыған байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша берілетін жәрдемақы көлемін айына 5000 сомнан 10000 сомға дейін көтеру ұсынылып отыр.

ҚазАқпарат