Қырғызстанның экс-президенті екі қылмыстық іс бойынша ақталып шықты

17 маусым 2022, 09:47

Қырғызстанның бұрынғы президентіАлмазбек Атамбаев екі қылмыстық іс бойынша сотта ақталып шықты. Бұл туралы Azattyq Ruhy тілшісі 24.kg ақпарат агенттігіне сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

Алмазбек Атамбаев Түркия азаматтарына заңсыз төлқұжат берді және Қалыс-Ордо тұрғын алабындағы мектеп құрылысы кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталған болатын.

 

Бішкектегі Первомайск аудандық сотының судьясы Мирлан Термечиков қылмыстық құрамның жоқ болуына байланысты екі қылмыстық іс бойынша Алмазбек Атамбаевты кінәсіз деп таныды.

 

Айта кетсек, Қырғызстанның экс-басшысының үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған болатын. Соның ішінде 2019 жылдың 7-8 тамызында Қой-Таш ауылында болған тәртіпсіздіктер, сыбайлас жемқорлық және ақшаны жылыстату істері бар. Өткен жазда оған түрік азаматтарына заңсыз төлқұжат берді, сондай-ақ 2020 жылдың қазан айында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айып тағылды.