Қытай маңындағы 15 ел қосылған: Тарихтағы ең үлкен сауда келісімі күшіне енді

02 қаңтар 2022, 18:54

15 ел қатысқан тарихтағы ең үлкен сауда келісімі Жаңа жыл түнінде күшіне енді. Келісім әлемнің әр үшінші адамына табыс әкелуге және пандемия салдарынан құлдыраған әлемдік сауданың жандануына уәде береді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.

RCEP деп аталатын келісімге Қытай мен Аустралия, Жапония мен Оңтүстік Корея сынды Азия-Тынық мұхиты аумағындағы елдер қосылған. 

Бұған дейін экономикасы АҚШ және Еуроодақтан кейінгі үшінші орын алатын Қытай ірі сауда келісімдеріне қол қоймаған. 

2020 жылы қарашада келісім жасалған соң Қытай басты шикізат тасымалдаушы Аустралиямен жанжалдасқан. Қытай Аустралияның COVID-19-дың шығу тарихын зерттеу жайлы талапқа қосылғанына наразылық білдіріп, көмір, бидай, сиыр еті мен шараптың әкелінуіне бойкот жариялады. 

Дегенмен жаңа келісім Қытайдың сауда әлеміндегі орынын нығайтпақ. Қазір ол Дональд Трамптың шешімінен кейін ең үлкен келісімнің орталығына айналды. Себебі RCEP пактін жасау үшін 8 жыл жүргізілген келіссөз кезінде Жапония мен Аустралия, Жаңа Зеландия Тынық мұхитының келесі жағалауындағы Канада және АҚШ сынды елдермен бірігіп, ТРР атты дамыған сауда блогын құрды. Алайда Трамп бас тартып, АҚШ-ты келіссөзден шығарып алған. Бұл RCEP-тің құрылуын жеделдетті. 

Келісімшарт Азиядағы сауда серіктестеріне бір-бірінің нарығына енуіне мүмкіндік береді, тауарға салынатын салықты азайтады. Бұл экономикалық өсім мен өмір деңгейінің жақсаруына жол ашады. 

Келісім кең көлемді. Бұл – кедей Лаос мемлекеті мен бай Жаңа Зеландияның, коммунистік Қытай мен пост-империалистік Жапония экономикасын байланыстырудағы алғашқы қадам. Дегенмен RCEP (Regional Comprehensive Economic Partnership) АҚШ пен Канада және Мексика арасындағы еркін сауда аймағына жетпейтіні сөзсіз. 

Сонымен қатар жаңа келісімшарт жұмысшылардың құқығына әсер етпейді. Әр елге қоршаған ортаны қорғауда, интеллектуалдық жекеменшік құқығын бекітуде әр түрлі шешім қабылдауға мүмкіндік береді. 

Бұдан бөлек қатысушы елдерге сауда саясатын жүргізуде белгілі деңгейде құқық беріледі. Мысалы, Қытай мен Жапония сынды елдер өз нарығында тыйым салатын салықтар енгізіп, сауда бостандығын шектей алады. Сонымен қатар дауды шешудің жалпы механизмі жасалмаған. 

"Сауда келісімі шын мәнінде кең көлемді, келіссөз 10 жылға жуық уақыт жүрді. Алайда оның қатысушы елдер экономикасына әсері шектеулі. Себебі олардың көпшілігі басқа да сауда ұйымдарына қосылған.

Бірақ RCEP-тің айрықша тұсы бар: сауда келісімі дипломатиялық қарым-қатынасы нашар елдерді біріктіреді. Мысалы, Жапония мен Қытай", - деді ВВС-дің Азиядағы бизнес-тілшісі Марико Ой. 

Stan.kz