Қытайда күннің күрт суытуына байланысты ескерту жарияланды

23 желтоқсан 2021, 13:24

Қытайдың Ұлттық метеорологиялық қызметі бейсенбі күні елдің көп ауданындағы күннің суытуы мен қатты жел екпініне байланысты «көк» деңгейдегі ескерту жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Ұлттық метеорологиялық қызметтің дерегіне сай, бейсенбі-жексенбі күндері Орталық және Шығыс Қытайда ауа температурасы Цельсий бойынша 6-10 градусқа төмендейді. Синоптиктердің айтуынша, елдің кейбір аудандарында ауа температурасы Цельсий бойынша 14 градусқа төмендеуі мүмкін. Метеорологтар адамдарды далаға шығар алдында жылы киінуге, сонымен қатар суық пен желден қорғану шараларын қолдануға, ал жергілікті жол және полиция қызметтерін жолдағы көктайғаққа дайын болуға шақырды. Қытайда қолайсыз ауа райы туралы ескертудің төрт деңгейлі жүйесі енгізілген. Жүйе бойынша, қауіптің ең жоғары деңгейі – қызыл, әрі қарай қызғылт сары, сары және көк түс жүреді.

ҚазАқпарат