"Менің достарымды қамауға алды": Ресейліктер жаппай қоныс аударуда

13 наурыз 2022, 10:43

Алматыда жалға берілетін баспанаға сұраныс пен баға артқан. Басты себеп Ресей мен Украина әскери қақтығысына орай заңнаманың қатайтылуы және Батыстың санкциялары аясында біздің азаматтардан бөлек шетелдіктердің де қаладан баспана іздеуінде, деп хабарлайды Ктк арнасы.

Риэлторлар наурыз айының басынан бері жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату бойынша мәмілелердің көбейгенін айтады. Ресей мигранттарының көбісі Армения мен Грузияға көшкенімен Қазақстанға да келушілер аз емес. Бұның ел экономикасы үшін артықшылықтары мен қауіпі бар ма? Шенеуніктер әзірге еңбек нарығында өзгерістердің болмайтыны мен жағдайдың тұрақтылығын айтады.

Дарья Подлесная Алматыдан Мәскеуге 5 жыл бұрын көшіп барып, азаматтық алу үшін құжаттарын дайындап әрекет еткен. Алайда қазіргі жағдайдан кейін оның эоспары мүлде өзгерген. 

“Бәрі басталған кезде менде қорқыныш сезімі басым болды. Тіпті ертесіне сөмкемді жинап, Қазақстанға қайтуға дайын болдым. Енді алда бірнеше айға Қазақстанға барып, жағдайдың қалай аяқталатынына қарап, әліптің артын бағуды жоспарлаудамын”,- деді Дарья.

Ол Ресейге қойылған санкцияларға байланысты елде өмір сүрудің қиындағанын айтады. Дарья сұлулық салонында жұмыс істейді. Алайда ол жақта керек-жарақтың бәрінің құны екі-үш есеге артқан. Айтуынша тіпті табыс табу да қиынға түскен көрінеді. 

Шетелдік әуе компаниялары Ресейге ұшуын тоқтатты және 200-ден астам шетелдік компаниялар экономикалық байланыстарды үзіп отыр. Мысалы, McDonald's, Coca-Cola, Starbucks сияқты брендтер елден кетті. Ірі автоөндірушілер, косметика, киім, жиһаз және тұрмыстық химия өнімдерін өндірушілер енді мемлекетпен ынтымақтасқысы келмейді. Мұның бәрі ақыр соңында жұмыссыздыққа әкелуі мүмкін.

Ресейде заңдар қатты қатайтылды. Әскердің беделін түсіріп, жалған ақпарат таратқандар енді 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Мұның бәрі орыстарды эмиграцияға итермелейді. Біреулер алыс Үндістан немесе Таиландқа кеткісі келсе, басқалары керісінше дағдарысты алыс емес Арменияда, Грузияда немесе Қазақстанда өткізуді жөн көреді.

“Менің достарым қамауға алынды. Бізде әлеуметтік желіге соғысқа қарсылық пікірлердің өзіне заң қаталдандырылған. Бұндай жазбалар үшін 15 жыл бас бостандығынан айыру қарастырылған”,- деді ресейліктер.

Көршілес елдер арасынан ресейліктер үшін ең қолайлысы да Армения, Грузия, Қазақстан болып тұр. Визасыз кіріп, кәсіп бастауға да мүмкіндіктердің бар екенін айтады. Қазір Ресейде ұшақ билеттері 20-30%-ға қымбаттағандықтан билет алу қиынға соққан. Қазір елде шекараларды жаба бастаған. Сол үшін де орыстардың көп бөлігі Грузияға қоныс аудара бастаған. 

Алматыда да тұрғын үйлер осының салдарынан қымбаттаған.

“Бізге Қазақстаннан тұрғын үйге орналастыру жөнінде көптеген өтініштер келді. Бірі үй жағдайының жоғарғы деңгейде болуын сұраса, кейбірі қаржылық жағдайға байланысты қандай үйде болса да тұруға дайын екендерін жеткізді. Наурыз айында бұндай сұранымдар көбейді. Алдағы сәуір мен мамыр айларында бұдан да көбейетіні белгілі. Отбасылы ресейліктер хостел мен қонақүй секілді нұсқаларды жайсыз деп санайды. Олардың көпшілігі Алматы мен Астанаға қоныс аударғысы келеді”,-деді жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Айгүл Тәжімбетова.

Биліктегілер жұмыс орындарын ресейліктер алып қояды деген қорқыныштың жоқ екендігін айтады.

“Бірінші кезекте біз жұмыспен қамту орталықтары арқылы азаматтарымызды жұмысқа орналастырамыз. Қазақстанда, Ресейде, Беларусьте, Арменияда, Қырғызстанда бірыңғай одақта еңбек ресурстары кедергісіз пайдаланылады. Бұл бірыңғай еңбек нарығы. Олар бізде тыныш жұмыс істей алды”,-деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.

Бизнесті дамыту менеджері Антон Горелышевтың айтуынша егер Қазақстанға білікті мамандар келсе елімізде бәсекелестік орын алып өз мамандарымыз жұмыссыз қалуы да мүмкін. 

Политологтардың айтуынша бізде бәрібір Ресейге қарағанда жалақы аз төленетін болады. Оның үстіне елімізде гуманитарлық салалар бойынша мамандар жеткілікті болғандықтан техникалық мамандықтағылар үшін тиімді болатынын жеткізді. 

Сарапшылардың айтуынша дәл қазіргі жағдайда көшіп жатқан ресейліктердің дүрбелеңі уақыт өте басылып, көпшілігі елдеріне қайтатын болады. Тек аз ғана пайызы азаматтық алу жөнінде ойлануы мүмкін.