Неміс эпидемиологтары Германияда иммундық төлқұжат енгізуді ұсынып отыр
Ол коронавируспен ауырып шыққан азаматтарға беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сөйтіп иммундық төлқұжаты бар адамдар үшін карантинді жеңілдетуге не тіптен алып тастауға болады. Мамандар немістердің осылай қалыпты өмірге қайта оралуға болатынын айтады.
Бастаманы Германия үкіметі қолдай ма, жоқ па, бұл әзірге белгісіз.
Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оған қарсы шықты. Өйткені вирус аяғына дейін зерттелмеген. Сондықтан бір ауырған адам оны қайта жұқтырмайды деп кесіп айтуға келмейді.
Осы ретте неміс ғалымдары зертеу жүргізіп, соның аясында 100 мың адамды тексеруден өткізуге ниетті. Сөйтіп, олардың ішінен коронавируспен ауырып шыққан адамды және қанында антиденелердің бар-жоғын тексермек.
Лаура Ольбрих, Мюнхен қаласының университет клиникасы жанындағы зертхана басшысы:
– Алдымен азаматтарға қандай зерттеу жүргізіп жатқанымызды түсіндіреміз. Егер келіссе, олар бірнеше сұраққа жауап беруі тиіс. Содан кейін 3 мл қанын алып, антиденелерге тексеру жүргіземіз. Сөйтіп оның иммундық жүйесі жаңа вируспен күрескен бе деген сұрақтың жауабын анықтаймыз.
Ал Берлинде маска тағуға міндеттейтін заңның күшіне енуімен, бетперделер тіпті вокзалдың өзінде де сатылатын болған. Мұнда арнайы аппараттар орнатылған. Бір масканың құны – 5 еуро. Ал ақша шығарғысы келмейтіндерге билік масканы тегін таратуда. Дрезден тұрғындарына оның 200 мың данасы берілген. Берлин жұртына 147 мыңы таратылуы тиіс.