«Өмір бойы қорғайды»: ғалымдар коронавирусқа қарсы ерекше вакцина дайындап жатыр

03 қаңтар 2022, 17:32

Вакцинаны құрғақ күйде әрі ұзақ уақыт сақтауға болады.

Nobelpharma жапон фармкомпаниясы COVID-19 қоздырғышына қарсы өмір бойына жарамды вакцинаның клиникалық сынақтарына 2023 жылы кірісуі мүмкін. Бұл туралы РИА Новости агенттігі Japan Times басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Жаңа препаратты прфессор Митинори Кохараның жетекшілік етуімен Токио медицина ғылымдары институтының бір топ зерттеушісі әзірлеп жатыр. Ғалымдар XVIII ғасырда Ұлыбританияда шешекке қарсы дайындалған және 1976 жылға дейін Жапонияда қолданылған вакцинаны негіз етіп алды.

Зерттеушілер SARS-CoV-2 вирусының біріккен ағуызына шешекке қарсы вакцинаның рекомбинантты вирусын енгізуді көздеп отыр.

Ғалымдар тышқанға жүргізген сынақ кезінде патогені жоғары құс тұмауының генін қолданды. Зерттеу нәтижесінде вакциналанған тышқандарда антидене деңгейі 20 айдың қорытындысы бойынша жоғары болғаны анықталды. Олар вирус енгізілгеннен кейін тірі қалған. Ал екпе салынбаған тышқандар қырылып қалған.

Мақалада 20 ай – кеміргіштердің орташа өмір сүру жасы екені жазылған.

"Осы вакцинаның сипаттамасы оның антиденелер түзілуіне ықпал ететінін және өмір бойынша иммунитет қалыптастыратынын көрсетті. Бір дозасы 20 айдан асатын уақытқа дейін әсер береді. Басқа ешбір вакцина мұндай нәтиже көрсеткен жоқ", - деп мәлімдеді Кохара газетке берген сұхбатта.

Сонымен қатар маймылдарға сыналған коронавирусқа қарсы вакцинаның прототипі оларды пневмониядан сақтады және вирус жұқтырғаннан кейін жеті күн өткеннен кейін де вирустың маймыл ағзасында шоғырлануы көрсеткіштен төмен болды.

Фармацевтика компаниясы 2023 жылы 150-200 волонтердің қатысуымен клиникалық сынақтың бірінші және екінші кезеңдерін өткізуді жоспарлап отыр.

Профессор Кохара бұл вакцинаны бөлме температурасында құрғақ күйде ұзақ уақыт сақтауға болатынын мәлімдеді.