Оңтүстік және Солтүстік Корея елдері бірігуі мүмкін бе

09 қараша 2019, 16:08

Корея түбегінің бірігу процесінде бірнеше қиындықтар бар, деп хабарлайды 24.kz.

Бұл туралы Сеулде Корея Республикасының Саксониядағы құрметті консулы Кристоф Холлендерс мәлімдеді.

Пікірталас елдің солтүстігі мен оңтүстігін біріктіру жөніндегі жиырма тоғызыншы форумда өтті. Шара Берлин қабырғасының құлауының отыз жылдығына арналған.

Кристоф Холлендерстің айтуынша, Шығыс және Батыс Германия арасында әскери жанжал болған жоқ. Ал Сеул мен Пхеньян үш жыл соғысты.

Сондай-ақ дипломаттың айтуынша, елдің шығысы мен батысында қалған туыстары арасында хат алмасуға рұқсат етілген. Шығыс Германиядағы зейнеткерлерде Батыс Германияға келуге мүмкіндік болды. Холлендерс Берлин қабырғасы құлаған кезде ГДР-дың одақтасы - КСРО әлсірегенін атап өтті.

Ал КХДР-дің басты әскери және экономикалық серіктесі – Қытай керісінше, қуатты державаға айналды.

Кристоф Холлендерс, Корея республикасының Саксониядағы құрметті консулы:

– Шығыс Германиямен салыстыруға мүлдем келмейді, Солтүстік Корея дүние жүзімен мүлде байланыспайды десе де болады. Оқшауланып алған. Ал ГДР азаматтарына батыс Германияға баруға рұқсат етілді. Мәдени байланыс орнады. Туыстар өзара араласып, Рождествоға сыйлықтар жіберді. Тағы бір айырмашылығы - шығыс Германияда ядролық қару болмаған. Ал Пхеньянда бар.