Өз қолымен дәрі жасап ұлын өлімнен арашалап қалды

18 қазан 2021, 02:04

Ол дәріні әуелі егеуқұйрықтарға, содан кейін өзіне сынап көрді

Қытай азаматы ұлының Менкес ауруымен ауыратынын білгеннен бастап ем іздеген, деп хабарлайды Stan.kz.

 
Медицинада Менкес өлімге әкелетін ауру болып есептеледі. Бұл дертке шалдыққан балалар бірнеше жылдан артық өмір сүрмейді.

"Біз оны баяу дамығандықтан дәрігерге апардық. Ол толық генетикалық тексеруден өту үшін сынама алды және оң нәтиже берді. Мен өзімді қатты күйзелгендей сезіндім, бірақ бас тарта алмадым. Өз балаңыздан қалай бас тартуға болады? " - дейді баланың әкесі Сюй Вэй.
30 жастағы ер адам баласында аурудың бар екенін біліп, алдымен оны емдеу жолын іздейді. Сөйтіп эксперименттік препаратты – мыс гистидин қышқылын синтездейді.

Баласын аурудан арашалау үшін жанын салған әке қытайлық университеттің қоғамдық курстарына жазылып, фармацевтикалық препараттарды шығаруды және оның сапасын бақылауды үйренеді. Ол жасаған препараттың өнеркәсіптік өндірісінің жоғары күрделілігі мен қымбат болуына байланысты оны үйде жасау туралы шешім қабылдайды. Соңында сынақтан сәтті өткен препаратты ұлына береді. Сараптама көрсеткендей, дәрі баланың сауығуына көмектескен. Ол аман қалды, бірақ сөйлей алмайды.