Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылды. Тасқыннан зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев келіп жағдаймен танысты, деп хабарлайды Sputnik Өзбекстан.
Су қоймасы 1 мамыр күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 5.55-те жарылған. Төтенше жағдайлар министрлігінің көмегімен жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі қауіпсіз жерге көшірілген.
"Ағын су Сардоба ауданындағы Қорғантөбе ауылының біршама бөлігін басып қалған. Зардап шеккендер жоқ, мамандар келтірілген шығын көлемін есептеуге кірісті", – делінген төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Ресми дерек бойынша 11,5 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Су негізінен егіс алқаптарына зиян келтірген. Оқиға орнында эвакуациялық шаралар жүргізіліп, төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша іс-қимылдар ұйымдастырылды.
Облыстағы төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жеке құрамынан 430 адам және 5 техника, Жызақ облысының ТЖД жеке құрамынан 120 адам мен 6 автотехника және басқа да салалық кәсіпорындар мен әскери құрылымдардан 300-ден астам адам қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылды.
Зардап шеккендер мен қаза болғандар туралы ақпарат жоқ.