Париж вокзалы диверсия салдарынан жұмысын тоқтатты

25 қаңтар 2023, 11:30

Париждің Шығыс вокзалы диверсия салдарынан жұмысын тоқтатты, – деп хабарлады  turkystan.kz Euronews-ке сілтеме жасап.

Пойыздар қозғалысы Вэр-сюр-Марн коммунасы ауданында кабельдердің зақымдануынан тоқтады. Болған оқиға бастапқыда оқыс жағдай ретінде қабылданды. Алайда, кейін өрт қасақана жасалғаны анықталды.

«SNCF-тің жұмыс бригадалары өртелген 48 кабельді шығыс жырасынан тапты. Бұл – қасақана вандализм акті. Соған байланысты арыз түсірдік», – деді SNCF өкілі Анн-Мари Пальмье.

Сейсенбі күні желіге TGV жүрдек пойыздары, TER қалааралық электричкалары және Transilien өңіраралық пойыздар шыққан жоқ. Аталған оқиға Францияның шығыс бөлігіне, сондай-ақ Швейцарияға, Германияға, Аустрия мен Люксембургке сапар шегуді жоспарлаған көптеген жолаушының жоспарын бұзды.