Ресейдің Женевадағы дипломаты Украинадағы соғысқа байланысты отставкаға кететінін мәлімдеді

24 мамыр 2022, 11:52

Ресейдің Біріккен ұлттар ұйымындағы тұрақты өкілдігінің қызметкері Борис Бондарев Украинадағы соғысқа байланысты отставкаға кететінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Аzattyq.org ақпарат көзіне сілтеме жасап.

Оның сөзінше, бұған дейінгі дипломатиялық қызметі барысында өз жұмысы мен елі үшін дәл бұлай ешқашан ұялған емес.

 

"Путиннің Украинаға, іс жүзінде бүкіл Батыс әлеміне қарсы агрессияшыл саясаты мен соғысы – тек қана Украина халқы алдындағы қылмыс емес, меніңше Ресей халқының алдында да ауыр қылмыс", – деп жазды ол LinkedIn әлеуметтік желісіндегі парақшасына.

 

Біріккен ұлттар ұйымының Женевадағы бөлімі сайтының хабарына қарағанда, Бондарев тұрақты өкілдікте кеңесші қызметін атқарған. 20 жыл дипломатиялық қызметте болған.

 

"Өкінішке қарай 20 жыл ішінде Сыртқы істер министрлігінің жұмысында бейкәсібилік деңгейі ұлғайып, өтірік көбейе түсті", – дейді дипломат.

 

Бондаревтің сөзіне қарағанда, Ресей Сыртқы істер министрлігі қазір дипоматиямен емес, "арсыз өтірік таратып, жеккөрушілік пен соғысты насихаттаумен" шұғылданып отыр.

 

Мәскеудің агрессияшыл саясатын айыптаған ол "Ресейде одақтас қалған жоқ" деп жазды. "Мансабын әрі қарай да жалғастыра беруге болатынын, бірақ қазіргі жағдайда мемлекеттік қызметте қала беру - Отанын сатқанмен тең екенін" айтты.

 

AP агенттігімен сөйлескен ол мемлекеттік қызметкер ретінде елдің әрекетіне жауапкершілікті бөлісуге міндетті екенін, бірақ олай істегісі келмейтінін мәлімдеді.

 

Бондарев Украинадағы соғысқа байланысты отставкаға кетінін хабарлаған Ресейдің алғашқы кәсіби дипломаты. Ресей Сыртқы істер министірлігі бұл жөнінде түсініктеме берген жоқ. "Коммерсантъ" газеті соғыс басталғалы Ресей Сырқы істер министрлігіндегі қызметінен кеткен тағы да бірнеше дипломат бар екенін жазды, бірақ әзірге ешбір дипломат мұндай шешімін ашық жариялаған емес.