Иран ядролық саладағы мүмкіндіктерін күшейтуде. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Рафаэль Гросси мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Ол Тегеранның ядролық бағдарламасы 2015 жылғыдан әлдеқайда өзгергенін айтып, оны бақылау керек деді. Өткен дүйсенбі күні Иран ядролық қару жасауға техникалық мүмкіндігіміз бола тұра мұны істемейміз деп мәлімдеген.
Рафаэль Гросси, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры:
– Иранның қазіргі ядролық бағдарламасы 2015 жылғыдан өзгеше. Менің ойымша бұнымен барлығы келіседі. Иран өз бағдарламасын дамытып, үлкен жетістіктерге жеткенін айтып отыр. Бірақ бұл елдің мамандары өзге бағытта да жұмыс істеп жатыр. Оларды тексеруге мүмкіндігіміз жетеді. Ал бағдарламаны сәйкесінше бағалау үшін рұқсат керек.
2004 жылы Батыс елдері Иран ядролық қару жасап жатыр деп санкциялар салған. Содан кейін мәселені шешу үшін келіссөздер жүргізіліп, АҚШ бастаған 6 ел 2015 жылы Тегеранмен ядролық келісімге отырады. Тегеран 15 жыл бойы уранды 3,67 проценттен асырмауға уәде береді. Алайда билікке Дональд Трамп келген соң АҚШ келісімнен бас тартқан.