Саакашвили өзінің "Путин тұтқынына" айналғанын айтып, медициналық көмектен бас тартты

06 қазан 2021, 17:34

Өткен аптада елге оралып, түрмеге қамалған Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили талаптары орындалмайынша аштық акциясын тоқтатпайтынын айтты.

 

Саакашвилидің хаты Facebook желісінде украин, ағылшын және орыс тілдерінде аударылып, жарияланды.

 

 

"Аштық жариялағанымды білетін боларсыздар. Мені және мен үшін ұсталғандарды босатпайынша аштығымды тоқтатпаймын" деп жазды Саакашвили хатта.

 

Ол есінен талып қалған жағдайда медициналық көмекке зәру болмайтынын айтып, дәрігерлердің кез келген көмегінен бас тартатынын ескертті. Саакашвилидің сөзіне қарағанда, ол жақтастарын белсендірек әрекет етуге итермелеу үшін және еркіндік пен демократияны қалпына келтіру үшін осындай жанкешті әрекеттерге барып отыр.

 

Саакашвили атынан жарияланған тағы бір хатта ол Украина президенті Владимир Зеленскийге қайырылады. Зеленский бұған дейін Украина азаматы Михаил Саакашвилидің бостандығы үшін күш салатынын мәлімдеген.

 

Грузияның бұрынғы президенті өзінің "іс жүзінде Путиннің тұтқынына" айналғанын атап өтіп, Зеленскийдің Украина мен оның тұтастығын, саяси тұтқындарды қорғау бойынша талпыныстарын жоғары бағалаған. Ол Украинаны жақсы көретінін және Зеленскийге реформа бойынша қол ұшын бергеніне қуанышты екенін жеткізген.

 

Бұрын Грузияда екі бап бойынша айыпталып, сырттай сотталған Саакашвили 1 қазанда яғни, жергілікті сайлау өтетін күні елге оралып, сол күні ұсталған. Ол түрмеде аштық жариялаған.

 

Сайлаудың бірінші турында Грузиядағы басқарушы "Грузин арманы" партиясы жеңіске жетті. Саакашвили жақтастары екінші орын алды. Алайда кейбір ірі қалаларда, арасында Тбилиси де бар, жергілікті сайлаудың екінші туры өтеді. Саакашвилидің жақтастары сол кезде жеңіске жетеміз деп үміттенеді. Сайлаудың екінші туры 30 қазанға белгіленген. Оған дейін оппозиция акциясының өтетіні-өтпейтіні белгісіз. Жуырда Саакашвили отырған Руставидегі түрме маңында бейбіт митинг өткен.

 

Саакашвили Ресей президенті Владимир Путинді қатаң сынайтын саясаткерлердің бірі. Ресей билігі де оны "аямайды". 2008 жылы Саакашвили президент болып тұрған тұста Ресей-Грузин қақтығысы болып, соның салдарынан Мәскеу Абхазия мен Оңтүстік Осетияны іс жүзінде бақылауына алған (Тбилиси мен халықаралық қауымдастықтың басым бөлігі оларды грузин аймағы деп санайды). Грузияның қазіргі билігі Саакашвилиді Путинмен астыртын сөз байласты деп айыптайды. Кейінгі жылдары Саакашвили Украинада тұрып келген. Ол осыған дейін бұрынғы президент Петр Порошенкомен келіспей қалған. Алайда Владимир Зеленскиймен жақсы тіл табысқан.

 

Грузия билігі Саакашвилидің ісі саясиланбағанын айтып, жасаған қылмысы үшін жауап беруі тиіс деп санайды.

 

 

 

azattyq.org